Елімізде сүт бір жылда 22 пайызға қымбаттады

19.07.2022 15:50

Сүт пен кілегей өндірісінің жартысы Солтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарына тиесілі

ашық дереккөзден

Қазақстанда сүт бағасы қымбаттады. Осылай деген сарапшылар сектордағы өндірістің де азайғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Azattyq Ruhy жазуынша, 2022 жылдың маусым айында сүт бағасы 2,4%-ға, жыл басынан бері 17,2%-ға және бір жыл ішінде 21,5%-ға өскен.

Сарапшылар 2021 жылы бағаның жылдық өсімі небәрі 9,5%-ды құрағанын айтады.

«2022 жылғы қаңтар-мамыр айларында сұйытылып өңделген сүт пен кілегей өндірісі 235,3 мың тонна болған, бұл бір жыл бұрынғыдан 7%-ға аз көрсеткіш. Сондай-ақ 6 жыл үздіксіз өсімнен кейін дәл осы кезеңдегі алғашқы құлдырау», - дейді сарапшылар.

Сонымен қатар зерттеушілер сүт пен кілегейдің жалпы өндірісінің жартысы Солтүстік Қазақстан (75,7 мың тонна) мен Алматы (44,2 мың тонна) облыстарына тиесілі екенін айтады.

Сондай-ақ Ақмола облысы (34,2 мың тонна) мен Қостанай облысы (28,5 мың тонна) сүт өндірісінде алдыңғы орыннан көрініп отыр.

«Ішкі нарықтағы сату көлемі 3,7%-ға, яғни 192 мың тоннаға дейін, ал экспорт екі есеге жуық қысқарып, 5,6 мың тоннаға дейін төмендеді», - дейді сарапшылар баяндамасында.

Бұдан өзге, 2022 жылдың бірінші тоқсанында шикі сүтті тұтыну орташа есеппен жан басына шаққанда 3,5 литрді құраған, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға аз.

Кілегей тұтыну, керісінше, бір жарым есеге өскен.

«Өңірлердегі сүтті тұтыну көрсеткіштері әртүрлі екенін айта кеткен жөн. Мәселен, қалалық жерлерде 2022 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы шикі сүт тұтыну көрсеткіші орташа есеппен 1,73 литрді, ауылдық жерлерде небәрі 6,04 литрді құрады», - дейді сарапшылар.