Екі салық бір төлеммен алынады
Қазақстанда жеке тұлғалардан алынатын мүлік пен жер салығын біріктіру ұсынылды, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасы шеңберінде көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, онда жаңалықтың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын төлеуін жеңілдету екені айтылған.
Заң шығарушылар жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын салық салу нысаны, салық базасы, мөлшерлеме, есептеу және төлеу секілді салық элементтерін өзгертпей, біріктіруді ұсынып отыр.
Екі салық бір төлеммен алынады. Мөлшерлеме бұрынғыдай, ештеңе қымбаттамайды, тек салық төлеу тәсілі қолайлырақ болмақ. Осы күнге дейін екі түрлі салық, түрлі есептеу әдістемесі, екі түбіртек салық төлеушіге қолайсыздық тудырып келді.
Ал көппәтерлі тұрғын үйдің меншік иелеріне салынатын жер салығын мүлде жою көзделуде. Өйткені болмашы салық үшін нысанның көптігі мен есептеудің қиындығы себепті әкімшілендіруге көп шығын кетеді.
Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өткізілуде. Ағымдағы жылғы күзде оны Парламентке енгізу жоспарланып отыр. Құжаттың мәтіні Министрліктің ресми сайтында және нормативтік құқықтық актілердің ашық порталында орналастырылған.
Нормаларды енгізудің жоспарланған мерзімі – 2020 жыл.