Еліміздің қай өңірінде күріш қымбат

13.09.2023 15:56

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызды тауарларды саралады

Ашық дерек көзінен

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жыл басынан бері қалай өскені туралы ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Министрліктің ақпараты бойынша, жыл басынан 5 қыркүйекке дейінгі кезеңде 19 түрлі тауардың бағасы орта есеппен 3,4% өскен. Соның ішінде қырыққабат – 68,7%, күріш – 34,6%, сәбіз – 34,2%, айран – 11,9%, сүт – 11,1%, сары май – 10,3%, ірімшік – 7,3%, пияз – 7,2%, сиыр еті – 7%, макарон – 6,8%, картоп – 4,9%, тұз – 3,3%, нан 2,2% қымбаттаған.

Сонымен қатар жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жататын 6 түрлі тауардың бағасы керісінше, арзандаған. Олар: тауық еті (-1,8%), жұмыртқа (-4,3%), ұн (-6,7%), қант (-10,3%), күнбағыс майы (-14,5%), қарақұмық (-35%).

Жыл басынан бері қырыққабат бағасы әсіресе Жезқазғанда (7,8%) өскен. Ал күріш бағасы Астанада (7,2%) қымбаттаған.

Министрлік мамандары күріш бағасының бес жыл аралықта қандай динамикамен өскеніне талдау жүргізген.

Ресми органның ақпаратына қарағанда, қазір бір килограмм күріштің бағасы – 467 теңге. Бұл жыл басынан бері баға 34,6%, бір аптада 1,1% өсті деген сөз. Ал 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда күріш 51,1% қымбаттаған.

Күріш бағасы ең қымбат өңірлер: Ақтөбе облысы (564 теңге), Ұлытау облысы (555 теңге), Алматы облысы (536 теңге).

Оқи отырыңыз: Алматыда қыста электр коммуналдық машиналар қызмет көрсетеді