Жарыста 12 команда қалды
11 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алтыншы кезеңі аяқталды. Таңғы 7:00-де 14 команда Алаша хан кесенесінен Жезқазған маңындағы Талап ауылына жолға шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің тағы 100 шақырымын бағындырып, алтыншы кезең мәресі Талап ауылында қорытындыланды. Осылайша, шабандоздар 6 күн ішінде жалпы 550 шақырым жолды жүріп өтті.
Алтыншы кезең қорытындысы бойынша, Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығына екінші болып келсе, Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы үшінші болып жетті. Өкінішке қарай, аталмыш кезеңде аттарының жарақат алуына байланысты Қызылорда, Ақмола командалары жарысты тоқтатты.
Алты күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Талап ауылында түнеген 12 команда ертең, яғни 12 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеру үшін Жезқазған-Қызылорда тасжолына бағыт алады. Түскі астан соң 7-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 650-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.
Өкінішке қарай, команда құрамында 4 қыз қалған Ақмола облысының «Иманжүсіп» командасы алғашқы 50 шақырымды өткеннен кейін екі атының жарақат алуына байланысты жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен «шабандоз ару» атанған Ләззат Ахметова бұл жеңіліс емес, керісінше алғаш рет бұрымдылардың бөріктілермен бірге иық тіресе жорыққа қатысуы үлкен жеңіс екенін атап өтті.
«Жоба маған қатты ұнады. Біз үшін ең маңыздысы – аттардың амандығы. Сайыс болған соң жарақаттың болмауы мүмкін емес. Өкінішке қарай, жылқыларымыз аяқасты жарақат алды. Ең соңғы елу шақырым біз үшін өте күрделі болса да, жол бойында тарихи, мәдени нысандарға куә болдық. Алаш хан, Жошы хан кесенелерін кездестірдік. Мен мұндай марафон-бәйгеге алғаш рет қатысып отырмын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», - деді Л. Ахметова.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО, СҚО, ШҚО, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласының командасы жарыстан шығып қалғанын хабарлаған едік.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.