Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты заңды қабылдады

archive.org
archive.org
Мәжіліс бірауыздан қолдап дауыс берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Парламент халықтың зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты заңды қабылдады. Бүгін Мәжіліс отырысында депутаттар Сенат енгізген толықтырулармен келісті. Айта кетейік, 21 желтоқсан күні жоғарғы палатаның жалпы отырысында аталған құжат екі оқылымда қаралып, өзгерістер енгізілгеннен кейін төменгі палатаға қайта жіберілген еді. Бұдан бөлек, Мәжілісте өлім жазасына қатысты құжат та мақұлданды. Енді педофильдерге қолданылатын жаза қандай болмақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.  

Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты заң жобасы мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген болатын. Онда азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленді. Заң жобасы микроқаржы ұйымдары мен басшыларға қойылатын талаптарды арттыруды да көздейді. Бұған дейін  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпарат бойынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тиісті жаста «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинағы бар жұмыс істейтін азаматтарға, сақтандыру компанияларымен өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғаларға рұқсат етіледі. Сонымен қатар БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50 пайызынан аспайтын шекте зейнеткерлерге қаражатын падалануға мүмкіндік беріледі.

«Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сондықтан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты Сәкен Өтебаев.

Бұдан бөлек, Мәжілісте өлім жазасының күшін жоюға қатысты құжат мақұлданды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екінші Факультативтік хаттаманың ҚР Парламенті тарапынан міндетті ратификациялауға жататынын атап өтті.

«Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер өлім жазасын қолданбау, өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Сонымен қатар мәжіліс депутаттары Сенат өзгерістер енгізіп кері қайтарған тағы бір Заң жобасы – балаларды қорғау саласына қатысты құжатты қабылдады. Онда педофилдердің жазасын қатаңдатуға бағытталған нормалар қарастырылған. Оның ішінде балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайды және түрмеден мерзімінен бұрын босатылмайды. Сонымен қатар, олар жазасын қатаң режимдегі мекемеде ғана өтейтін болады.

Новости партнеров