Алматыда «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы өтуде. Алып шаһарда осымен жетінші рет өткізіліп отырған «Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумын отандық кәсіпкерлер өзге елдің қалталы азаматтарына тиімді шарттар ұсынып, инвестиция тартуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлемнің 20 шақты елінен 500-ден астам делегат қатысатын дүниежүзілік маңызға ие шара Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алғысөзінен басталды.
«Қазір Алматыда ең батыл жоспарлар мен ірі инвестицияларды жүзеге асыру үшін аса қолайлы кезең. Жақында ғана Алматының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы әзірленіп, ол қала тұрғындарының кең талқылауына ұсынылды. Оның негізгі мақсаты – өмір сапасы мен бизнес мүмкіндіктері жоғары әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына ену. Мұндай өсуді қамтамасыз ету үшін, біз қалалық экономиканың терең құрылымдық реформаларын бастаймыз. Басымдық жаңа экономика секторларына жасалады», – деді шаһар басшысы.
Форумның мақсаты – бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы тұста айта кету керек, Алматы қай кезде де шетелден келген инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің бірі. Ал, Almaty Invest Forum – Алматы кәсіпкерлері мен әлеуетті инвесторлар диалог орнатуға, қызықтыратын сұрақтар мен қойылған міндеттерді шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік беретін алаң.
Бақытжан Сағынтаев осы ретте мұндай форумның Алматы үшін қандай маңызы бар екеніне, жалпы мегаполистің ерекшеліктеріне тоқталды.
«Біріншіден, Алматы инвестклимат бойынша жетекші орынға ие. Екіншіден, Алматы – Қазақстанның ірі экономикалық аймағы. Қала экономикасының көлемі – 12,1 трлн.теңгені немесе 35 млрд.долларды құрайды. Үшіншіден, Алматының экономикалық өсуінің маңызды драйвері әлеуметтік экономика деп санаймын. Алматы – жалпы өңірлік өнімі жан басына шаққанда 19 мың долларға жуықтайтын, Орталық Азиядағы ең табысты мегаполис. Тағы бір айрықша оқиға – осы жылдың қыркүйегінде Fitch агенттігі біздің қалаға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақстанның дербес рейтинг деңгейін берді, бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ әкім таяуда ғана тұрғындар талқысына ұсынған «Алматы-2050» даму стратегиясында айтылған мәселелерге тоқталды. «Жаңа Алматы» мен Алматы агломерациясын дамыту жоспарларымен бөліскен шаһар басшысы осы ретте 834,5 млрд.теңге көлемінде, яғни, бұрын-соңды болмаған салымдардың салынатынын айтты. Бұл қаржы қаланың кезек күттірмейтін мәселелерін жылдам шешуге бағытталған: сумен жабдықтау, жарықтандыру, абаттандыру және қауіпсіздікке жұмсалады.
«Біз Алматыны «ақылды қала» ретінде дамытатын боламыз. Ол үшін жоспарлау мен құрылыс салуда, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлікпен тасымалдау, білім беру, қоғамдық денсаулық, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқаруда үздік әлемдік смарт-тәжірибелерді қолданамыз. Қала экономикасының жаңа индустриясына және цифрландыруға – оның ішінде электронды коммерция мен төлемдер, блок-чейн, интернет-заттар, ауқымды деректер және т.б. сол секілді перспективалы салаларды дамыту үшін платформалар құруға елеулі басымдық жасалады», – деді әкім.
Содан соң Бақытжан Сағынтаев Алматының ең негізгі ерекшелігі – әсем табиғаты екенін, Қазақстанға келетін шетелдік қонақтардың 50 пайыздан астамы Алматыны таңдайтынын, сол себепті алып шаһарда туризмді дамыту керектігіне тоқталды.
«Алматының экономикалық өсуінің келесі перспективалы драйвері – туризм. Мұнда бизнес бастамалар үшін үлкен алаң шоғырланған. Қазірдің өзінде Алматы туризм үшін негізгі «орталық» болып табылады. Өткен жылы мегаполиске 1 млн. астам турист келді. 2050 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өніміндегі туризмнің үлесі 6%-ға жетуі тиіс», – деді Бақытжан Сағынтаев.
«Almaty Invest» халықаралық инвестициялық форумы аясында коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі жоспарланып отыр. Осы тұста айта кету керек, былтыр шара аясында құны 1 миллиард доллар болатын 40 меморандумға қол қойылыпты. Оның ішінде 12 жоба табысты жұмыс істеп келеді. Биылғы шараға да әлемдік деңгейдегі компания басшылары, беделді саясаткерлер, белгілі экономистер мен қаржыгерлер, әлемдік стартап-жобалардың негізін қалаушылар қатысуда. Олар форум сессияларында сөз сөйлеп, өзара тәжірибе алмасады. Ал, Алматыда болашақта инвесторлар үшін қандай алғышарттар жасалатыны жайлы шаһар басшысы өзінің қорытынды сөзінде ерекше атап өтті.
«Алматыда инвесторлар үшін жаңа қолдау құралдары салынды. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы базасында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін Almaty Invest орталығы ашылды. «Инфрақұрылымға адамдар» қағидаты бойынша инвесторларға дайын көліктік және инженерлік инфрақұрылымы бар жер учаскелері беріледі», – деп түйіндеді өз сөзін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Инвестициялық форум жөнінде толығырақ ақпаратты «Алматы» арнасында 13:00, 15: 00, 19:00 және 19:30-да болатын жаңалықтардан көре аласыздар.