Жылдық инфляция биылғы жылдың басында 7% деңгейінде тұрақтанған соң, мамырда 7,2%-ға дейін жылдамдады
Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляцияға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету аясында 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инфляция 8-8,5% шегінде ұсталып, 7,5% болды. Қазақстанда, сол сияқты негізгі сауда әріптестері болып саналатын елдерде төтенше жағдай режимі мен карантин шараларының қолданылуы жағдайында жеткізу тізбектерінің бұзылуы, сондай-ақ тауарлардың жекелеген топтарына сұраныстың артуы нәтижесінде азық-түлік бағасының 11,3%-ға жеделдеуі 2020 жылы инфляцияның өсуіне негізгі үлес қосты. Инфляция құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлар 2020 жылы 5,5%-ға, ақылы қызметтер 4,2%-ға қымбаттады», – деді А. Баймағамбетов Сенатта 2020 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты Үкіметтің және Есеп комитетінің есептерін қарау барысында.
Оның айтуынша, 2020 жылғы маусымнан бастап азық-түлік бағасының әлемдік өсуінің жалғасуы инфляцияның өсуіне зор үлес қосты. Нәтижесінде, осы жылғы мамыр айында Біріккен Ұлттар Ұйымының ФАО индексі 10 жылдық максимумға – 127,1 тармаққа жетті.
«Жылдық инфляция биылғы жылдың басында 7% деңгейінде тұрақтанған соң, мамырда 7,2%-ға дейін жылдамдады. Азық-түлік тауарларына баға өсуінің баяулауынан болған әсер азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының айтарлықтай өсуімен теңестірілді. Азық-түлік инфляциясы 2020 жылғы инфляцияның жоғары базасы есебінен шығуға, нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын өсірудің баяулауына байланысты 11,3%-дан 9,3%-ға дейін баяулады. Бұл ретте жекелеген тауар нарықтарындағы бағаларға әсер ететін теңгерімсіздік сақталуда», – деді ҰБ өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, азық-түлікке жатпайтын инфляция киім-кешек пен аяқ киім бағасының 5,9%-ға, бензин бағасының 12,7%-ға дейін өсу қарқынының жеделдеуіне байланысты 6,7%-ға дейін жылдамдады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқынының жылдамдауы тұтынушылық сұраныс пен іскерлік белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі аясында импорттық бағаның өсуіне байланысты орын алды. Нәтижесінде, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуіне жанар-жағармай материалдарының, киім-кешек пен аяқ киімнің қосқан үлесі осы жылғы ақпан айындағы 1,7 пайыздық тармақтан мамыр айындағы 3,5 пайыздық тармаққа дейін 3 айда 2 есе өсті.
«Биылғы жылғы мамырда халыққа ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 5,1% болды, негізінен электр энергиясына, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметтеріне және әуе көлігімен ұшуға бағаның өсуі байқалады. Инфляция қалыптасуының негізгі факторлары тұрақты сипатқа ие емес. Биыл проинфляциялық факторлар тарапынан тәуекелдер іске асырылған жағдайда Ұлттық банк ақша-кредит талаптарын күшейту жөнінде шешім қабылдайтын болады», – деді Ақылжан Баймағамбетов.
«2022 жылы сауда әріптестері болып саналатын елдердегі бағаның өсу әсерінің сарқылуы және сыртқы инфляциялық қысымның, оның ішінде әлемдік азық-түлік нарықтарын тұрақтандыру есебінен әлсіреуі болжанып отыр, бұл Қазақстандағы инфляцияның 4-6% нысаналы дәлізге енуіне ықпал ететін болады. Монетарлық талаптар инфляцияның баяулауына қарай орта мерзімді перспективада бейтарап мәндерге жуықтайтын болады», – деді ол.