Қазақстандықтардың 80 пайызы өз табыстарын жариялағысы келмейді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енетін табысты декларациялауға қатысты жүргізілген сауалнама осындай нәтиже көрсеткен. Сондықтан Қаржы министрлігі түсіндірме жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр, деп жазады Almaty.tv.
Декларацияда жеке тұлға мүлігін, несиесі мен дебиторлық қарызын, қолдағы ақшасы мен банктік есепшотында қанша қаражат бар екенін көрсетуі керек. Бұл шараға 13 миллионға жуық азамат қатысады деп күтілуде. Оның 7 жарым миллионға жуығы қалалық, қалған 5 жарым миллионы ауылдық жердің азаматтары.
«Қоғамдық ойды қаперге ала тұра, Салықтық кодекске өзгерістер енгіздік. Дәлірек айтсақ, салықтық декларация жайында. Құжат 15 беттен 2 бетке дейін қысқарды. Барлық ақпараттар Мемлекеттік кірістер комитетінде «Жалпылама мағлұмдау» деген модулінде жарияланады. Оның үстіне, декларация жайында сауалнама алынды. Сұралғандардың 80 пайызының жауабы оң нәтиже берген жоқ. Біз ақпараттық түсіндірме жұмыстарын нақтылап жүргізуіміз керек», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.