Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанның Ақордадағы кездесуі алдында франциялық делегациямен өткен келіссөздің кейбір тұстарына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Кеше француздармен жылқы етін экспорттау жөнінде әңгімелестік. Өйткені Франция — жылқы етін тұтынатын ел. Қазір бізде 32 жеткізуші Жапонияға жылқы етін апарып жүр. Енді Францияға жеткізілім көлемін арттыру керек. Кеше француз делегациясына жылқы етінен дәм татқыздық. Оларға ұнағандай болды», — деді вице-премьер.
Вице-премьердің айтуынша, елімізде жылқы етінің өндірісі қарқын алып келеді.
«Етті жылқы тұқымдары негізінен батыста — Көшім және Мұғалжар нәсілдері. Қазір тәжірибелік стансалар базасында Ақтөбеде мал шаруашылығы институтының жеке филиалын ашпақшымыз. Ол филиал тек жылқы шаруашылығымен айналысады», — деді Серік Жұманғарин.