Пандемия: 2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңге

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Карантин мен мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірістерінің күрт қысқаруына алып келді. 2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта бюджет тұрақтылығы Ұлттық қордан трансферттер есебінен қамтамасыз етіліп отыр», – деді Мемлкет басшысы. Қ.Тоқаевтың атап өтуінше, биыл Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.

«2021 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын трансферттер тек қана мақсатты сипатта болуы тиіс. Ол әлеуметтік проблемаларды шешу мен инфрақұрылымды дамытуға ғана бағытталуы мүмкін», –  деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керектігін баса айтты.

 «2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес», – деді ҚР Президенті. Айта кетейік, видеобайланыс арқылы өтіп жатқан жиында Үкімет 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берді. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.

Новости партнеров