Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетті. Бұған дейін жылдық мөлшерлеме 16 процент болған еді. Ал, «Инфляция белсенді түрде баяулап келеді» деген бірінші деңгейлі банк алдағы айларда көрсеткіш бір таңбалы мәнге жетуі мүмкін деп болжайды. Елдің ақша-несие саясатындағы мұндай өзгерістер жалпақ жұртқа қалай әсер етеді? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы экономист Мақсат Сералы жауап береді.
– Бұл өзгеріс елге қалай әсер етеді?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі таңда Ұлттық банк бірнеше іс-қимыл жасады. Біріншісі – базалық ставканың төмендеуі. Базалық ставка не үшін өсті? Оны инфляциямен күресу құралы ретінде қолданған еді. Бірақ нарықтық экономика жағдайында оның төмендеуі инфляцияда өте үлкен өзгеріске әкеліп соқпады. Сондықтан, базалық ставканы төмендету мәселесі қарастырылды. Бұл – өте оңтайлы көзқарас. Не үшін? Несиелік пайыздық ставкалар екінші деңгейлі банктерде төмендейді, ал оның барлығы шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтарға тиімді портфельдерді ұсынады. Қарапайым тілмен айтсақ, несиенің пайыздың ставкаларының төмендеуіне әсер етеді. Ал бұл деп отырғанымыз, несиеге сұраныс пайда болып, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосады.
– Түсінікті. Ал әлемді алаң қылып отырған мұнай бағасына күні кеше Бейжің жаңа тариф енгізіпті. Артынша, бірқатар мемлекеттерде мұнай бағасы күрт көтерілді. Соңғы 2-3 күндегі өзгерістерге қатысты не айтасыз?
– Қазіргі таңда мұнай нарығында өзгерістер болып жатыр. Венесуэлада болып жатқан жағдай тікелей мұнай саласына әсер етіп отір. Өйткені, Венесуэла – мұнай экспорттаушы елдердің арасындағы негізгі мемлекет. Алдағы уақытта мұнайдың өсуі, төмендеуі нарықтық экономика болғаннан кейін қарқынды түрде көрініп отырады. 2-5 пайызға төмендеу, өсу, көбею сынды өзгерістер болады. Ол тікелей нарықтағы ойыншылардың сұранысына қатысты. Осы аптада біз ескеретін жағдай, АҚШ ойыншыларының санының азаюына байланысты, мұнайының да бағасы төмендеген болатын.
– Бір елдер бағаны көтеріп жатқанда, Brent маркалы мұнайдың құны барреліне 79 долларға дейін түсті. Ал алдағы ОПЕК елдері отырысын жаһан көз тігіп бақылап отыр. Мұның бәрінің бізге әсері бар ма?
– Иә, жалпы әлемде болып жатқан жағдайлар Қазақстанға тікелей әсерін тигізеді. Өйткені, Қазақстан – мұнай өндіруші мемлекет. Сондықтан, мұнай бағасының өсуі – бізге оңтайлы жағдайларды қалыптастырады. Ол Ұлттық қордағы қаражаттың көбеюіне, мемлекетке тиесілі әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жүзеге асуына әсер етеді.
Оқи отырыңыз: 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартамыз – Қаржы министрі