ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасынан бас тартуды ұсынған депутаттарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Салымдарды талдау жұмысы 2022 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша, бағдарлама қолданысына жататын шоттардың шамамен 93%-ы 3 млн теңгеден аспайтын салымдар екенін көрсетті, бұл ретте 1 млн теңгеге дейінгі салымдарды қамту шамамен 84%-ды құрайды. Сондай-ақ өтемақыны есептеу үшін қабылданатын салымдағы қаражаттың ең үлкен көлемінің шектелуіне (20 млн теңгеге дейін) байланысты өтемақыны есептеу үшін нақты база салымдардағы қалдықтардың жалпы сомасынан төмен болады», - деп жазды Ғалымжан Пірматов депутаттық сауалға берген жауабында.
Банк төрағасының айтуынша, бұл ірі салымшылар үшін өтемақының ең жоғары мөлшерін шектейді және соның салдарынан бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін өтемақы төлеуге бағытталатын бюджет қаражатының жалпы көлемін төмендетеді.
«Бұдан басқа, өтемақының нақты көлемі бағдарлама мерзімі кезінде депозиттерден алу есебінен де төмен болуы мүмкін. Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, қазіргі қолайсыз жағдайларда қаржылық және баға тұрақтылығын қолдауға ерекше назар аудару қажет деп санаймыз. Бағдарламадан бас тарту ұлттық валютаға деген сенімнің жоғалуына, валюталық артықшылықтардың өзгеруіне, тиісінше долларлану деңгейінің күрт өсуіне алып келуі мүмкін», - дейді Ғ. Пірматов.