120 мың жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарланып отыр.
Бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жеті негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленді. Ол туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, дағдарыстың алдын алу үшін қабылданған бірінші бағыт: «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлер үшін несиелендіру 1 трлн. теңгеге дейін ұлғаятын болады. Қаражат, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі.
«Отандық өнімдерді одан әрі көбейту және ұлттық экономиканың импортқа тәуелділігін азайту мақсатында қазақстандық өндірушілерді қосымша қолдау шаралары қабылданады. Ішкі нарықты молықтыру және өндірісті ынталандыру үшін ұлттық экономиканы несиелеу көлемі айтарлықтай ұлғайтылады. Төтенше жағдай кезінде төлемдердің кешіктірілуіне байланысты қарыз алушыларға айыппұл есептелмейтін болады», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Сонымен қатар, кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде орта бизнеске кредит сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Ол бойынша 50 пайыз мөлшерінде кепілдендіру берілетін болады. Микро және шағын бизнес үшін 85 пайызға дейін кепілдік берумен несие сомасын 360 млн. теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Тағы бір айта кетерлігі, шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық ынталандырулар көзделеді. Еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде. 120 мың жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарланып отыр.