Қазанда теңгенің нығаюына қандай факторлар әсер етті

09.11.2022 19:30

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді

ашық дереккөзден

Қазан айында теңге бағамына және валюта нарығындағы жағдайға қандай факторлар әсер етті? Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазанда біз валюта нарығында қалыпты құбылмалылықты байқадық. Бір айдың ішінде динамика әртүрлі бағытта өрбіді. Қазанның қорытындысы бойынша, теңге 1,7%-ға нығайды. Мұнай бағасының өсуі де теңгенің нығаюына түрткі болды. Базалық мөлшерлемені көтеру және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатуы да теңгеге қолдау көрсетті.

Қазанда Ұлттық қордан валютаны сату 362 млн АҚШ доллары көлемінде болды, бұл ретте бір сауда күні ішінде сату көлемі 30 млн АҚШ долларынан асқан жоқ. Біз Ұлттық қордан валютаны сату тек республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын бірнеше рет атап өттік. Біздің тарапымыздан осы операциялардың валюта нарығындағы ағымдағы сентиментке әсерін барынша азайту үшін барлық күш-жігер жұмсалып отыр. Валютаны сату бойынша мәмілелерді іске асыру кезінде Ұлттық Банк price-taker ретінде әрекет етеді, яғни өз өтінімдерін қоймай, қолда бар өтінімдер бойынша «жұмыс жүргізеді». Нарыққа қатысушылардың бағасымен келісе отырып, біз операциялардың нарықтық бағамға әсерін жоққа шығарамыз.

Қазір валюта нарығы теңгерімді. Валюталық интервенциялар жүргізу қажет болмады», - дейді Әлия Молдабекова.