|
07.02.2023 | 16:26
3527

Азық-түлік бағасы неге қымбат

Премьер қырық жамау жолы бар, қабырғасы сөгілген жаңа үйлердің фотосын көрсетті

Азық-түлік бағасы неге қымбат qadam.asia

Жыл басталмай жатып елімізде азық-түлік инфляциясы тағы да шарықтаған. Соңғы 1 айда баға 1,1 пайыз өскен. Тұрақтандыруға тиісті қаржы бөлінсе де, өңірлерде жағдай көңіл көншітпейді. Жергілікті атқарушы биліктің салғырт жұмысын  бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әбден сыңға алды. Баяндамада «бәрі жақсы, бәрі жеткілікті» деген әкімдердің сөзі мен ісі қабыспайтынын жеткізді.

Жыл басындағы алғашқы айда азық-түлік инфляциясының ең жоғары өсу қарқыны Маңғыстау, Ұлытау облысы мен Астанада байқалған. Бағасы аспандап кеткен азық тізбесінде пияз, күріш, сүт және сәбіз бар.  Серік Жұманғариннің айтуынша, жергілікті әкімдіктерге бағаны ауыздықтауға тиісті қаржы бөлінген. Бірақ, жұмыс нәтижесіз. Білек сыбана кірісер іске келгенде әкімдер салғырттық танытып отыр. Мәселен, Маңғыстау облысына қымбатшылықты құрықтау үшін 3,6 млрд теңге бағытталса да 2 млрд теңгесі әлі іске қосылмапты.

«Қаржы бердік. Баға бәрібір өсіп жатыр. Неге? Жергілікті жерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес. Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады?» – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының бұл сұрағына жауапты министр де, әкімдерде жауап бере алмады. Ауыл шаруашылығы министрі республикада 1 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауар қоры бар екенін, қымбатшылыққа негіз жоқ деп сендірді.

«Республикада 1 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауар қоры бар. Оның ішінде кәсіпорындарда, көкөніс қоймаларында – 519 мың тонна, қоймаларда (көтерме-тарату орталықтарында, сауда логистика орталықтарында) – 194,7 мың тонна, сауда желілерінде – 183,3 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 24,4 мың тонна. Әкімдіктер өткен жылдың күзінен бастап осы жылдың маусымаралық кезеңінде нарыққа реттеуші әсер ету үшін көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Үкіметте айтылған тағы бір мәселе өңірде бюджет қаржысына салынған баспаналардың жағдайы. Премьер қырық жамау жолы бар, қабырғасы сөгілген жаңа үйлердің фотосын көрсетті. Бұл тұрғындар мен балалар өміріне аса қауіпті екенін айтты. Сөйтіп, бюджеттен тағы да қаражат қарастырып, кемшіліктерді жоюға тапсырма берді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир