|
27.08.2022 | 14:39
3195

Елімізде қант өндірісін дамыту керек – министр

Тәуелділікті толық жою үшін кешенді жоспары әзірленді

Елімізде қант өндірісін дамыту керек  – министр Almaty.tv

Қазақстандағы қанттың 58 пайызы шетелден жеткізіледі. Отандық зауыттардың тәтті өнімнің 35 пайызын ғана шығарады. Тәуелділікті толық жою үшін өндірісті дамытудың кешенді жоспары әзірленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

4 бөлімнен тұратын 4 жылдық жұмыс өңірлердегі қаңырап тұрған қант зауыттарын іске қосып, қызылша алқабын көбейтуге мүмкіндік бермек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі қант қызылшасы алқабы 85 мың гектардан 11,6 мың гектарға дейін төмендеген. Зауыттардағы технологиялық жабдықтардың тозуы, айналым қаражатының тапшылығы өндіріс ісін іркілтіп келеді. Кедергіні жою үшін кешенді жоспарда алдымен тәтті түбір алқабының көлемін арттыру көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрі орынбасарының айтуынша, алдағы 5 жылда отандық шикізаттан қант өндіру жылына 250 мың тоннаға жеткізіледі.

«2026 жылға қарай 2021 жылмен салыстырғанда импорт үлесі 58 пайыздан 17 пайызға дейін төмендейді, отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қамтамасыз ету 7 пайыздан  43 пайызға дейін ұлғаяды. Қант саласын дамыту мәселесі барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген іс-қимылын талап ететінін ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға кешенді жоспар іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыруға көмек көрсетуді тапсыруды сұраймыз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек.

Вице-министр ақпарын тыңдаған Үкімет басшысы бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету қажетін айтты. Межелі міндетке жету үшін егіс алқаптарын 3 есе арттыру жоспарланған. Сондай-ақ Әлихан Смайылов Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтауды жүктеді.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда министрлігімен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен несие беру мәселесін пысықтасын. Сонымен қатар, зауыттарға өнімді сату бағасының күрт өсуіне жол бермеу бойынша қарсы міндеттемелер белгілеу керек», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов

Елде қант бағасы әлі түспеді. Жағдаймен жаңа тағайындалған Сауда және интеграция министрі жақсы таныс. Өзі де соңғы рет дүкеннен 5 келі қанттың 5500 теңгеден сатылып жатқанын көріпті. Серік Жұманғарин қымбатшылықты тию үшін жаңа тәсілдер қолданатынын  жеткізді.

«Соңғы рет сауда орталығына барғанымда 5 келі қанттың бағасы 5500 теңге еді. Бұл өте қымбат. Ендігі міндетіміз – басқа азық-түлік өнімдері сияқты өзімізде де қант өндірісін дамыту. Екіншіден, бағаның өсу қарқынын төмендету керек», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Жиын соңында Үкімет басшысы өңірлерде тапшылыққа қатысты дүрбелеңді тию қажетін айтты. Қанттың қажет қоры жеткілікті. Ал бағаға қатысты алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтауды тапсырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир