Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне байланысты мәлімдеме жасады

28.09.2020 19:43

28 қыркүйекте сауда-саттықтың ашылуында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 0,38%-ке әлсіреп, 428,20 теңгені құрады

inform.kz

Мұнай бағасының айтарлықтай өзгермегеніне қарамастан, 28 қыркүйекте сауда-саттықтың ашылуында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 0,38%-ке әлсіреп, 428,20 теңгені құрады. Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ұлттық банк монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, АҚШ долларының индексі коронавирустың екінші толқынына қатысты алаңдаушылық пен АҚШ-тағы президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, екі айдағы шарықтау шегіне жеткен.

«ХВҚ өкілдерінің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс болжанғаннан да ұзаққа созылады және кейбір елдердің экономикасына өсімге қайта оралу үшін жылдар қажет болады. Еуропада коронавирустың екінші рет қайталануы туралы үрей мен шектеу шараларын енгізу де долларға қолдау көрсетіп жатыр», – деп түсіндірді Тұрсынханов.  

Ол сыртқы нарықтардың қысымын дамушы елдердің валюталары да сезінгенін атап өтті. Мәселен, түрік лирасы бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштерді жаңартса, Бразилия реалы мен Мексика песосы жұма күні 0,9%-ке әлсіреді, Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2%-ға жоғалтты.  

Ал Ресей рублі өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғары көрсеткіші – 78 рубльден асып, анти-рекордсмен атанды. Мәскеу биржасындағы сауда-саттық 78,19 деңгейінде жабылып, жұма күні 1,35%-ке төмендеген.

Сондай-ақ, ол доллар индексінің өсуі мұнай бағасының төмендеуіне себеп болғанын айтты. Ұлттық банктің болжамынша, COVID-19 инфекциясының қайта өршуі мен бірқатар елде шектеу шараларының енгізілуіне байланысты мұнайға сұраныстың өсуі екіталай.

Осындай іргелі сыртқы факторлардың бәрі теңге бағамына әсер етеді.