Ұлттық валюта ел экономикасының дамуына жол ашты

15.11.2024 19:20

1993 жылы теңгенің алғашқы партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылған

Бүгін төл теңгеміздің айналымға енген күні. 31 жыл бұрын, 1993 жылдың 15 қарашасында еліміз қолтаңбасын қалыптастырып, ұлттық валюта қолданысқа енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының негізгі үлгілерін бекітті. 1993 жылы 12 қарашада "Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы" заңға қол қойылып, теңге 15 қарашадан бастап ел аумағында қаржы құралы болып бекітілді. 1993 жылы теңгенің алғашқы партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып, арнайы ұшақтармен елге 18 рет тасымалданған. Әрине, аумалы-төкпелі кезеңде валютаны тұрақтандыру тәуекелге толы қадам болды. Сондықтан да бұл күн – егемен елдің еңсесін тіктеген, экономикалық дербестігіміздің алғашқы нышаны ретінде тарихта қалған сәт.

Қазір теңге тек ұлттық валюта ғана емес, тәуелсіздігіміздің символы ретінде танылып отыр. Оның айналымға енуі ел экономикасының жеке-дара дамуына жол ашып, Қазақстанды әлемдік нарықта тең дәрежелі қатысушыға айналдырды. Қаржы саласының мамандары, сарапшылар мен экономистер ұлттық валюта төңірегінде пікір алмасып, оның маңызын тағы да айшықтады. Экономистер теңгенің бүгінде өз миссиясын лайықты орындап отырғанын айтты. Соған қарамастан, қаржы жүйесін нығайту мен инфляцияны тұрақтандыру үшін тұрақты реформалар қажет екенін де ескертеді.

"Теңге ту және елтаңбамен қатар тұратын рөлі бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 100-ден астам теңге қатты құнсызданған. Осы жағдайға қатысты біраз азаматтың көкейінде сұрақ туындауы мүмкін. Неге теңгеміз құнсыздана береді?  Оның құнын артырып не құнсыздануы экономиканың қуатты болуына тікелей байланысты емес, ең маңыздысы – экономикадағы теңгерімді сақтау", – деді экономист Мақсат Халық.

Қазақстанның теңге номиналы 3 мәрте әлемнің ең үздік банкноты ретінде таңдалған. Валютамыздың алғашқы үлгісінде Әбу Насыр Әл-Фараби, Абылай хан, Абай Құнанбайұлы сынды тарихи тұлғалар мен бабалардың бейнесі бедерленген. Заман ағымына сай, теңге де өзгеріп келеді. Сондай-ақ ұлттық банк монеталардың жылына ондаған түрін шығарды.

"Қазақстан теңге сарайы коллекциялық және инвестициялық монеталарымен танымал. Біздің монеталарымыз халықаралық байқауларда бір емес бірнеше рет ең әдемі монета ретінде танылған. Бүгінгі заманға келсек, әлем бір орында тұрмайды. Технологиялар дамып келе жатыр. Сондықтан Қазақстан теңге сарайы да заман талабына сай өзінің өнімдерін ілгерілетуде", – деді ҚР Ұлттық банкінің қызметкері Әлия Рабилева.

Теңге үлгілерін ұлттық элементтермен бейнелеу соңғы банкноттарда кеңінен пайдаланады.

Биыл «Сақ стилінде» жасалған тағы 2 мың теңге айналымға шығады. Қалған банкноталар алдағы екі жылда енгізіледі деп жоспарлануда.

Әйкерім Пернебек, Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Қазақстанда доллар бағамы көтеріле бастады - сарапшы болжамы