Ұлттық қор қаражаты тиімсіз пайдаланылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есеп комитеті басшысының айтуынша, бюджеттің шектеулі мүмкіндіктеріне қарамастан, 2021 жылы елімізде 1 мыңнан аса жаңа жоба басталған. Олардың 90 пайызы Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылыпты. Ал жоспар бойынша 64 жоба аяқталмай қалған.
«Ұлттық қор қаражатын жұмсау бекітілген тұжырымдамаға сай келмейді. Екіншіден, бұл бағыттағы қадамдар әлемдік экономиканың даму болжамына қарама-қайшы. Биыл бізді мұнай бағасының жоғары болуы құтқарып тұр. Алайда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың біразын қазіргі қалыпты іс-шараларға бағыттаймыз», – деді Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова.
Ал депутат Сергей Карплюк Ұлттық қордың ақшасы сотталғандар мен шетелдегі мәдени шараларға жұмсалғанын айтты. Оның дерегінше, былтыр мақсатты трансферттің 55,7%-і Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың заңнамалық шектеуіне сәйкес келмеген.
«Мәселен, Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансфертті сотталғандарды ұстауға - 2,3 млрд теңге, мәдениет нысандарын салу мен жөндеуге - 315 млн теңге, әлеуметтік-маңызы бар және мәдени шараларға, соның ішінде шет елдерде мәдениет күндерін өткізуге - 2,5 млрд теңге бағытталғаны туралы фактілер кездеседі», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Сергей Карплюк.