Биыл Алматыда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 42 миллиард теңгеге шақталған 27 жоба қаржыландырылған. Бұл мегаполистегі шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай ықпал еткен. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласындағы жобалар мақұлданыпты. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 2200-ден астам адам кәсіпкерлік курсынан өтіп, оның 1200-і грант алған.
«Осы жылдың 22 маусымнан бастап біз 27 оқыту сессиясын өткіздік, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 27 465 пайдаланушы қатысты. Осы жоба аясында кәсіпкерлерді оқыту мәселелері бойынша біз Amazon, Wildberries, Yandex сияқты ірі холдингтермен ынтымақтасамыз. Бар, Ozon, Satu.kz, Forte Market сияқты ірі холдингтармен бірлесе отырып жұмыс істедік», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Бұдан бөлек, палата директоры биыл кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалып, оған бөлінген қаржы көлемі 10 миллиард теңгеден асқанын айтты. Яғни, биыл бизнесмендерден 546 өтініш келіп түссе, соның 236-ына кеңестік және құқықтық көмек көрсетіліп, 310 кәсіпкердің мәселесі оң шешіліпті. Өтініштердің басым бөлігі салық, мемлекеттік органдарға шағым бойынша түседі екен. Сондай-ақ Ashyq жобасына қатысты объектілерді ашуға байланысты жүгінетін көрінеді.
«Кәсіпкерлік палатасы 83 азаматтық және әкімшілік істер бойынша түрлі сот инстанцияларына қатысып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады. Бизнес мүдделерін қорғаудың тағы бір мысалы республикалық және аймақтық нормативтік-құқықтық актілерге тұрақты түрде сараптама жүргізіледі», – деді Айтуар Қошмамбетов.