Мөлшерлеменің артуы өсіп отырған инфляциялық қысымды көрсететін факторлардың жиынтығына байланысты
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 16 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 17 пайыз, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 15 пайыз болады", - делінген хабарламада.
Шешім мөлшерлеме траекториясын түзетеді, ол алдыңғы шешімдер мен коммуникациялар бойынша айқындалған бағыт пен қарқынды сақтайды.
"Мөлшерлеменің артуы өсіп отырған инфляциялық қысымды көрсететін факторлардың жиынтығына байланысты. Қыркүйектің нәтижесі бойынша инфляция болжамнан айтарлықтай асып түсті. Шешім қабылдауға негізгі факторлар жоғары инфляциялық күтулер, орнықты сұраныс, фискалдық серпін, тұрақты тауар жеткізу жолдарына қайта бағыттауға байланысты өндіріс шығасыларының өсуі, сыртқы инфляцияның жалғасып отырған әсері, оның ішінде сақталып отырған Ресей рублі бағамының күшеюі болды. Жоғарылаған инфляциялық күтулер баға мен тұтынуға қысым жасайды. Мұның бәрі 2023 жылы инфляциялық процестердің бақылануын сақтау үшін барынша қатаң ақша-кредит талаптарын қажет етеді", - делінген ҰБ хабарламасында.
Базалық мөлшерлемені арттыру экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігіне қолдау көрсетіп, ішкі валюта нарығындағы теңгерімге ықпал ете отырып, 1-2 жылдық кідіріспен әсер етеді.
2022 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция болжанған көрсеткіштен айтарлықтай ауытқып, 17,7 пайыз болды. Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағаның орнықты өсуі байқалады. Тұтыну бағаларының маусымдық сипатты есептемегендегі шілде айында өсуі баяулағаннан кейін ол соңғы айларда айтарлықтай жеделдеді. Қыркүйекте жылдық көрсеткіш 26,8 пайыз (2022 жылғы шілдеде – 17,7 пайыз) болды. Базалық инфляция жылдық мәнде 19,7пайызға жетіп, жоғары деңгейде қалыптасып жатыр. Бұл экономикада ұзаққа созылған жоғары инфляциялық аяны қалыптастыру тәуекелін көрсетеді, делінген ҰБ сайтында.
"2022 жылғы қыркүйекте кәсіби макроэкономистер күткен инфляция да 2022 жылы 18,5 пайызға және 2023 жылы 11 пайызға дейін айтарлықтай өскені (2022 жылғы тамыздағы алдыңғы пікіртерімнің қорытындысы бойынша, тиісінше 15,1 пайыздан және 8,8 пайыздан) байқалады. Экономикадағы проинфляциялық қысымның маңызды дереккөзі өте күшті фискалдық ынталандыру болып табылады. Бұл жыл басынан бері 7,9 пайызға немесе 2,4 трлн теңгеге көтерілген ақша массасының (М3) өсуіне фискалдық саясаттың ықпалы арқылы көрінеді. 2022 жылғы 9 айдағы мемлекеттік бюджет шығыстары өткен жылдың мәнінен едәуір жылдық мәнде 18,9 пайызға жоғары қалыптасуда. Биылғы жылы бюджет шығыстарының үдемелі өсуі Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты тарапынан тиісінше әрекетті қажет етеді", - делінген хабарламада.
Экономикалық белсенділік динамикасы Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасып жатыр. 2022 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша ЖІӨ 2,8пайызға өсті. Іскерлік белсенділік негізінен тау-кен өнеркәсібіндегі әлсіз динамика есебінен баяулады. ЖІӨ динамикасына мұнайға қатысты емес секторлар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, көлік және ауыл шаруашылығы оң үлес қосып жатыр. Сыртқы орта факторлары белгісіздіктің жоғары дәрежесімен сипатталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 5 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.