Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант жеткізу жоспарланып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде жалпы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант әкелуге мүмкіндік бар. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлімдеді. Бүгінде жалпы 1,3 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналған. Бұдан бөлек, Үкімет инфляцияны тежеу тетіктерін қарастыруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, азық-түлік қоры күн сайын жаңартылады. Оны даярлауға қажет шикізат та жеткілікті дейді. Елге тағы 250 мың тонна қант жеткізу жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда бізде 90 мың тоннадай қант бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар. Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Азық-түлік келісімшарт корпорациясында 2,5 мың тонна қант бар. Осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүріп жатыр», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.   

Сыртқы геосаяси жағдайға байланысты азық-түлік бағасы да шарықтайтыны ақиқат. Бұл ретте Ұлттық банк инфляцияның 2022-2023 жылдарға белгіленген шегінен асуы мүмкін екенін мәлімеді. Осыған байланысты Премьер-министр инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеу қажет деген тапсырма берді.

«Сондай-ақ нарықтағы құбылмалы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірге инфляцияны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қосымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индустрияландыру жұмыстарын тиімді жүргізудің, экономикаға, әсіресе, шикізаттық емес секторға ішкі және сыртқы инвестицияларды тартудың, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы зор», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Баға шарықтамас үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушыларға сауда алаңын жалдау ақысы төмендетіледі. Ал облыс әкімдерінің KPI-көрсеткіштеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі енгізіледі. Сондай-ақ Ұлттық банкті мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі алаңдатып отыр.

«Үкімет пен әкімдіктердің 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін тиімді іске асыруы, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий және тұтынушылық сұраныстың шектеулі динамикасы инфляцияға тежеуші ықпал ететін болады. Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Ол үшін шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Сонымен қатар Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алулар жүйесінде 4 млрд теңге қаржы тиімсіз рәсімделгені анықталғаны айтылды. Ал осы жылдың 2 айында 55 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмеген. Неғұрлым ірі сомалар Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкi iстер, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінде қалыптасқан.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров