Бұл жайында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында айтты
Коммуналдық тарифті көтеруге жарияланған 180 күндік мораторий аяқталғандықтан, тариф мөлшерлері өзгеруі мүмкін. Бұл жайында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Президент тапсырмасын іске асыру үшін ведомство халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифтері түзетілген. Бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталды», - деді Тимур Жақсылықов.
Оның мәліметі бойынша, екінші жартыжылдықта тарифтер өзгеруі мүмкін. Бірақ, ол инфляция дәлізінің шегінен аспауы керек.
«Тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу мақсатында келесі шаралар қабылданады:
- қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;
- тұрғын үй көмегі тетіктерін дамыту;
- әр аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, жеке әдіс көздеу.
Жаңа салық-бюджет саясаты шеңберінде бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есе қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Тимур Жақсылықов.
Бұдан бөлек ол «Самұрық-Қазына» қорының миссиясы қайта қаралатынын жеткізді. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қордың жұмысын сынға алған еді.
«Квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестицияларға баса назар аударып, қайта қаралатын болады», – деді ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов.