Әлихан Смайылов: Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе

primeminister.kz
primeminister.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов арнайы өткізілген кеңес барысында өңір әкімдерін азық-түлікке қатысты жағдайды бақылай алмай отырғанын сынады, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі Премьер-министрдің сатына сілтеме жасап.

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9%-ды құрағанын айтты.

Сонымен қатар «айналым схемасын» қаржыландыруды ұлғайту жұмысы өңірлерде төмен деңгейде жүріп жатқаны атап өтілді. Яғни жоспарланған 100 млрд теңгенің 58,3 млрд теңгесі ғана бөлінген.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын хабарлады. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етілді және Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуге келісімшарт жасалды.

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тоннаны құрайды.

Есептерді тыңдаған Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңірлер әкімдері бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасай алмай отырғанын атап көрсетті.

«Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ға, сиыр еті 5,5%-ға қымбаттаған. Өткен жылы біз Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақытылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан едік. Аталған жұмыс орындалмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсуіне жол беріліп отыр. «Айналым схемасына» 3,6 млрд теңгелік жоспар кезінде 1,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн теңге ғана бағытталды», – деді ол.

Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл орайда өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ға, 9,5%-ға және 5,3%-ға қымбаттады.

«Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз», — деді Ә. Смайылов.

ҚР Премьер-министрі Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, тұрақты негізде өндіріс пен тұтыну теңгерімін өзекті етіп отыруды, өңірлер арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін олардың қажеттіліктерін ескере отырып жедел тәртіппен жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көкөніс өнімдерінің тапшылығы мен қажеттілігін ескере отырып, егілетін дақылдарды әртараптандыру бойынша шаралар қабылдау қажет екенін. сауда үстемесін бақылауға ерекше назар аудару керектігін жектізді.

Сенбі күні, 9 сәуірде, Үкіметтің цифрлық кеңсесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ АЭА жұмысының тиімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткен кеңестің екінші мәселесі арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру шараларын қабылдау болды.

Өз сөзінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Қайырбек Өскенбаев кейбір өңірлерде АЭА аумағын кеңейту, оңтайландыру шараларын жүргізу, басталған инфрақұрылымның құрылысын аяқтау, бейінді емес қызмет түрлерін қысқарту жоспарланғанын хабарлады.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы 25 сәуірге дейін Үкіметке АЭА дамыту жөніндегі өзектендірілген Жол картасын енгізуді тапсырамын», – деп қорытты Ә. Смайылов.


Новости партнеров