Қазақстанда Amazon корпорациясының дата-орталығы пайда болуы мүмкін. Ел Президентінің Нью-Йоркке спары барысында цифрлық даму министрлігі мен AWS арасында бұлтты технология шешімін сатып алу келісімі жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше елдің президенттерімен кездесіп, БҰҰ саммитіне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Орнықты даму мақсаты жөніндегі саммитке қатысып, жаһан көшбасшыларын бірігуге шақырды. Президент ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген мүмкіндік екенін атап өтті. Тоқаевтың ойынша, баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен шара қабылдау қажет. Мемлекет басшысы бірнеше ұсынысын айттты.
– Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас біріккен ұлттар ұйымы» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ басшылығымен бірігіп, техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту керек екенін айтты. Климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіреді деген ойда. Саммит аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мемлекеттің басшыларымен жолықты. Кездесу барысында елдер арасындағы ынтымақтастық талқыланды. Кейбірін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Ал Amazon корпорациясының вице-президентімен бірнеше келісімге қол қойылды.
– Бізде AWS Outposts шешімі Қазақстандық электрондық үкімет порталының бірнеше сервисін бұлттық технологияның аясында жүргізілуі талқыланды және келісімшартқа қол қойылды. Бүгіннен бастап AWS технологиясы электрондық үкімет порталының бірнеше қызметінде пайдаланылатын болады, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Қазақстанға медицина саласында инвестиция құйылатыны белгілі болды. GE Healthcare компаниясы Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құрмақшы. Ол науқастардың мәліметін басқару ісін оңтайландырып, нәтижесінде көрсетілетін қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, аталған компанияның 140-тан астам елде өкілдігі бар.
Өмір Серікбекұлы, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты