|
09.11.2021 | 19:41
5225

Петропавлда азық-түлік бағасы тағы қымбаттады

Тұрғындар жалақысының жартысын азық-түлік алуға жұмсайтынын айтып шағымданып отыр

Петропавлда азық-түлік бағасы тағы қымбаттады Almaty.tv

Петропавлда азық-түлік бағасы анағұрлым қымбаттап барады. Әсіресе ұннан жасалатын өнімдердің құны шарықтап кеткен. Ең қиыны, нанның бағасы 14 пайызға өсіпті. Енді тұрғындар жалақысының жартысын азық-түлік алуға жұмсайтынын айтып шағымданып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – азық-түлікті әдеттегіден төмен бағада алуға болатын Петропавл базарларының бірі. Қала халқы мұнда да бағаның аспандап кеткенін айтады. Сиыр етінің қымбаттауынан тек тауық етін сатып алып жүрміз дейді тұрғындар.

«80 мың теңге зейнетақы аламын. Соның бәрі тамаққа кетеді. Одан басқасын алайын десем, ақшам жетпей қалады», – деді қала тұрғыны Татьяна Макеева.       

«Мен қазір балықты сирек алатын болдым. Балық сүйікті тағамым еді. Қазір ол 4 есеге қымбаттап кетіпті», – деді қала тұрғыны Ольга Васянович.

«Бұрын дүкенге барғанда бір пакет азық-түлікті 5-10 мың теңгеге алатынбыз. Ал қазір дәл сондай бір пакет азық-түлікке 18 мың кетіп қалады. Сол үшін үнемдеуге тура келеді», – деді қала тұрғыны Светлана Ветрова.

Ал сатушылар азық-түлік қана емес, жеміс-жидек, көкөністің де бағасы едәуір қымбаттап кеткенін алға тартты. Бағаның бұлай шарықтауына бензин құнының өсуі себеп болуы мүмкін дейді.

«Өткен жылға қарағанда, көп қымбаттады. Себебі бензин қымбат болды», – деді сатушы Сәлима Қалибекова.

Облыстық статистика басқармасының мәліметіне сай, биыл облыста ет пен қант, макарон өнімдері 5 пайызға дейін қымбаттаған. Көкөністердің, жеміс-жидек пен қанттың да бағасы өсті дейді мамандар.

«Биылғы он айда бағалардың көтерілуі май мен тоңмайға – 15,1 пайызға, нанға – 14 пайызға, жармаларға – 13,2 пайызға, ұнға – 11,7 пайыз, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдеріне 7 пайыз тіркелген», – деді Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Арғымбаева. 

Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев моноқалаларды дамыту жөнінде өткен кеңесте биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 10,4 пайызға өскенін айтқан еді. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны 8,5 пайыз шегінде сақтауды тапсырған болатын.

Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир