Инновациялық технологиялар паркінде жаңа зауыт іске қосылды

Алматы әкімдігі / пресс-служба акимата
Алматы әкімдігі / пресс-служба акимата
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық өнім шығаруға қауқарлы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында құны 980 миллион теңгені құраған зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Инвестициялық жобаны 1976 жылдан бастап мұнай-газ және электротехникалық өнімдер нарығында танымал малайзиялық компанияның Орталық Азия өкілдігі жүзеге асырды. Өндіріс процесінде төмен вольтты жүйенің инновациялық технологиясы қолданылатын болады.

– Біз инвестормыз және 2017 жылдан бастап осы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының мүшесіміз. Орта Азия, Дубай, Еуропаны осы жерден қамтамасыз ету жақынырақ болады. «Қазақстанда жасалған» сертификатын аламыз, – деді компания директоры Тан Мэй Йок.

– Біздің басты мақсатымыз – электрқалқан жабдықтарын көбірек шығару. Осы арқылы мұндай өнімдердің импортын азайтуға үлес қосқымыз келеді. Жергілікті сұранысты арттыруды көздеп отырмыз. KZ сертификациясын алған соң, бірден мұнай-газ саласы мен тау-кен өнеркәсібіне де арнайы жабдықтар шығарамыз, – деді зауыттың маркетинг және даму жөніндегі инженері Жахонгир Оңғаров.

Биыл әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес барысында Мемлекет басшысы маңызды инвестициялық жобаларға прокурорлардың қатысуымен инвестиция тартудың маңызды екенін айтқан еді. Аталған тапсырма бойынша қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде.

– Қазіргі таңда прокуратура органдары маңызды инвест жобаларға қолдау көрсетуде. OISB Kazakhstan-ның құқықтық сұрағына Медеу ауданының прокуратурасы көмек көрсетіп, мәселе шешілуде, – деді Медеу ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Төлендинов.

– Бүгін іске қосылған жобаны толықтай шетелдік инвесторлар қаржыландырды. Қазір құны 20 миллиард теңгеден асатын 15-ке жуық жоба жүзеге асырылуда. Оларға Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары  бірдей көмек көрсетеді. Жер учаскесімен қамтамасыз ету, кей салықтан уақытша босату және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, – деді  «Алатау» технопаркі» ИТП АЭА ЖШС басқарушы компаниясының бас директоры Олжас Сартаев.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 мыңға жуық өнім шығаруға қауқарлы. Электротехникалық жабдықтар мен электр энергиясын тарату жүйелеріне елімізде сұраныс жоғары.

Қомақты қаржыны қажет еткен жобаның алғашқы фазасында 50 жұмыс орны ашылады. Бәсекеге қабілетті зауыт алдағы уақытта Қазақстанда жасалған өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлауда.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 6700-ден астам жұмыс орны бар. Ал қазақстандық-малайзиялық бірлескен жобаға жергілікті мамандар тартылады.

Жансая Олжабек, Ялкунджан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы кім

Новости партнеров