Құжатта 5 жылдың ішінде 5 мұнай газ-химия зауытын пайдалануға беру көзделген
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы бізге аса керек». Осылай деген ел экономистері бәсекеге қабілеттілікті арттыруда және елдегі экономика тұрақтылығын қамтамасыз етуде бұл құжаттардың маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу туралы тапсырма берген болатын. Соның аясында Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш ұлттық жобаны әзірледі. Бес бағыттан тұратын жобаның негізгі 6 міндеті мен 13 көрсеткіші айқындалған.
«Индустриялық-инновациялық даму» бойынша бірінші бағытта екі негізгі міндет айқындалды. Ол – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту және өндіріс көлемін арттыру. Экономист Мақсат Халық макроэкономикалық негізгі индикаторлық көртсеткіштерді айқындауға бағытталған мұндай ұлттық жобалардың ауадай қажет екенін айтады.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» жобасы әрине, керек. Осындай жалпыұлттық жобаларды бекітіп жатқаны дұрыс қадам деп есептеймін», – деді UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық.
Құжатта 5 жылдың ішінде 5 мұнай газ-химия зауытын пайдалануға беру көзделген. Бұл өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерді шығаруына септеспек. Сондай-ақ 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
«Бұрын мемлекеттік бағдарламалар болушы еді. Осы жолғы Ұлттық жобаның айырмашылығы – әркім де жауапты болады, оны бақылау қолға алынады. Қаншалықты ресурстар, мүмкіншіліктер бар. Оның бәрін пандемия кезінде түсініп қалдық. Сондықтан жан-жақты экономика болу үшін білім керек. Білімді, ғылымды дамытуымыз керек. Осыған байланысты нақтылап, шегелеп айтты», – дейді ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Осылайша, қалалық қоғамдық кеңестің төрғасы 2025 жылға дейін жүзеге асатын Ұлттық жобаның нәтижелі боларына сенім білдірді. Себебі, онда нақты іс-әрекеттер, жауапты орындаушылар, мерзімдер және ең бастысы, бюджет көрсетіледі.
Қасымхан Талғатұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы