Кәсіпкерлерге жылдық таза табысынан қосымша салық төлеу міндеттелуі мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Кәсіпкерлердің айтуынша, заңнамада тек бюджетті толтыру ғана көзделеді, ал оның салдары ескерілмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәсіпкерлерге жылдық таза табысынан қосымша салық төлеу міндеттелуі мүмкін. Бүгін Алматыда бір топ кәсіпкер Салық кодексіне енетін осындай өзгерістерге қарсы шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, 8 маусымда Мәжіліс шағын және орта бизнес өкілдерінің дивиденттерінен 10 пайыз салық алу жөніндегі заң жобасын мақұлдаған. Заң Сенаттан өтсе келесі жылдан бастап қолданысқа енбек. Онсыз да корпоративтік, еңбек, құн салығын төлеп отырмыз деген бизнес өкілдері енді дивиденттердің бір бөлігін беруге міндеттеу кәсіпкерлерге жасалған қиянат деп есептейді. Заңдағы түзетулер өте асығыс жасалған әрі бизнес ортаға кереғар қабылданған шешім дейді сала мамандары.

«Кәсіпкерлердің ұсынысы – 10 пайыздық дивидентке қойылған салықты алып тастау. Өйткені дамыған елдерде мұндай салық жоқ. Бұл компанияның дамуына кедергі. Кіші бизнес орта, ал орта бизнес үлкен бизнес болғысы келмейді. Біздің елде бұл жүйе дұрыс жолға қойылмаған. Негізі кәсіпкерлер өзінің ақша айналымын, салығын дұрыс көрсетуі үшін заңнама оған жағдай жасауы керек. Алайда бұл кедергі болып отыр», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, заңнамада тек бюджетті толтыру ғана көзделеді, ал оның салдары ескерілмеген. Кодекстегі өзгерістер көлеңкелі бизнестің одан әрі өршуіне, кәсіппен айналысатын адамдардың азаюына, инвесторлардың тарауына әкеліп, мемлекеттік бюджетке үлкен зиянын тигізетін көрінеді. Ендігіде бизнес өкілдері заң жобасына Сенат тарапы дұрыс назар аударып, ондағы мәселелерді ескереді, оң шешім қабылдайды деген үмітте.

«Мысалы біздің автокөлік саласында 87 мың автобус кәсіпкерлікпен айналысады. Оның 17 мыңы былай тұнық экономикада десек, 70 мыңы не істеп жүргені белгісіз. Зиянды ұсыныстардың саларынан сөйтіп біздің мемлекеттік саясатқа, бюджетімізге зиян келуі әбден ықтимал», – деді «Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ бас директоры Сәбит Аманбаев.

Новости партнеров