Қазақстанда пандемиядан кем дегенде 800 мың кәсіпкер зардап шеккен

04.12.2020 20:54

Ол туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты

Richard Drew / AP

Қазақстанда пандемиядан кем дегенде 800 мың қазақстандық кәсіпкер зардап шекті. Ол туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, карантин шаралары көлік, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және жылжымайтын мүлік бизнесі айтарлықтай шығынға ұшыраған.

«Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпорындар шамамен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл экономикалық белсенді халықтың 39 пайызын құрайды. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алғаны үшін төленетін жалдау ақысы жыл соңына дейін тоқтатылды. Шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетілді», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ал, Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы бизнес үшін берілетін несиелер қолжетімсіз дейді. Сондықтан да кейбір саланың ақсауына түрткі болады.

«Мемлекеттің қатысуынсыз банк секторы шағын және орта бизнеске несие бермейді. Осылайша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттің қатысуынсыз - ШОБ субъектілерін кредиттеу үлесі 2020 жылы шамамен 19%-ды құрады. Олар шағын және орта бизнесті несиелеуге ынталы емес», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Дәурен Әділбеков.