Өзгертулер заңның 107 бабы, 10 кодексі, 11 заңына енгізілген
Оған себеп, кәсіпорындарды қасақана құлдырату деректері көбейіп кеткен. Жаңа заң жобасы жайында Парламент Сенатының кеңейтілген отырысынан кейін кулуарда депутат Нұрлан Қылышбаев өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бұл заң жобасы өте маңызды. Бүгінге дейін оның 80 пайызы өзгертіліп отыр. Өзгертулер заңның 107 бабына, 10 кодексіне, 11 заңына енгізілген. Тиімсіз жоспарлау және бюджеттік қаражатты тиімсіз игеру, сондай-ақ Әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу бойынша сауалдар қызу талқыланды. Заң жобасы тереңінен жетілдірілгенімен, бүгін депутаттар көтерген мәселелер әрі қарай зерттеуді талап етеді. Мәселен, қолданысқа берілмеген және балансқа алынбаған нысандар бойынша жауапкершілік енгізілуде», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ.
Сенатор алақол мердігерлердің кесірінен түрлі объективті және субъективті себептерге байланысты нысандардың пайдалануға берілмеу мәселесін көтерді. Нәтижесінде ғимарат тұралап, мердігер жауапкершіліктен қашып құтылады. Бұл аз болғандай, өз қызметкерлерін, мысалы күзетшілерін нысаннан алып тастайды. Арты, әлбетте мүлікті бұзу мен тонауға ұласады. Бұл ретте халық қалаулылары түйткілді шешудің жолдарын ұсынды.
«Нысанды сақтап қалып, мүліктің бұзылмауы, тоналмауы үшін кім күзетеді? Жақсы әкімші сот істі қарап жатқанша ғимаратты сақтаудың амалдарын ойластырады. Бұндай жағдайда қалай жауапқа тартасың? Енгізіліп жатқан нормаға сәйкес егер ол еш шара қолданбаса, жазаланбайды. Бірақ нысан да талан-таражға түсіп, жарамсыз болып қалады. Жылу беру жүйесі толықтай істен шығып, құрылғылар тоналады. Бұл үшін кімді жауапқа тартуға керек? Қосымша салмақ бюджетке түседі. Нысанды қалыпқа келтіру керек, құрал-жабдықтарды сатып алу қажет. Аяқсыз қалған жол құрылыстары көп. Қолданысқа берілмейді, алайда оларды күтіп, тазалап, қалпына келтіріп отыру керек. Сондықтан жазалаудың классификаторын жетілдіріп, келесі заң жобасында қарастыруды ұсындық», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ.