2020 жылдан бастап зейнетақы жарнасы 15%-ға көтеріледі

2020 жылдан бастап зейнетақы жарнасы 15%-ға көтеріледі
Ал, шағын және орта бизнес өкілдерінің айтуынша, мұндай өзгерісті енгізуге әлі ерте
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бейнетіне қарай – зейнеті. 2020 жылдан бастап, әр жұмыс беруші өз қызметкерін 5 пайыз зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттемек. 2018 жылы енгізілуі керек болған жаңа жүйе 2020 жылға шегерілді. Ақпарат шыққан күннен бастап, ел арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мақсатындағы бұл жаңашылдық келесі жылдан бастап енгізіледі. Жауапты ведомоства өз кезегінде әлеуметтік желі арқылы сұрақтарға жауап берді. Айтуларынша, бұл жүйе азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндерге,  зейнеткерлерге, әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлері секілді бірнеше санаттарға қолданылмайды екен.

«Бұл шартты жинақтаушы жүйеде зейнетақылық төлемдерді алғанға дейін 5 жылдық минималды қатысу өтілі қарастырылған. Бұл 60 ай немес 5 жыл. 2025 жылдан бастап бұл төлемдерді зейнет жасына жеткендер және бірінші, екінші топтағы өмір бойына берілген мүгедектер мен азаматтар ала алатын болады», – дейді Алматы қаласы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің бөлім басшысы Ардақ ШАМИЕВА.

Экономикалық сарапшылар бұл жаңашылдыққа күмәнмен қарайды. Егер жұмыс беруші қызметкерлерінің зейнетақы шоттарына 5 пайыздық жарна төлесе, нарықтағы өнім немесе қызмет көрсету құны тағы да артуы мүмкін деп отыр.

«Жұмыс беруші мәселен өндіріс компаниясы болуы мүмкін. Ал олар өнімін қымбаттатуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, ол өзінің жұмыскеріне 5 пайыз артық төлеу үшін, тауарын тиісінше 5 пайызға қымбаттатады.  Ал ол өз кезегінде инфляцияға да әсері етеді», – дейді экономист Нұржан ЗИЯБЕКОВ.

Ал, шағын және орта бизнес өкілдерінің айтуынша, мұндай өзгерісті енгізуге әлі ерте. Себебі, Елбасының шағын және орта кәсіпті дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру үшін мұндай шешімді бір емес, тіпті бірнеше жылға шегеру керек дейді.

«Менің ойымша, бұл еліміздегі өндіріс орнына қосымша салықтық жүктемесін көбейтеді. Сондықтан заңнаманы жүзеге асыру уақытын қайта қарап, болмаса кейінге шегерген дұрыс секілді. Өйткені жалақы бойынша өндіріс көлеңкеге кетіп, айлықты конверт арқылы беретін кезеңге қайта келеміз», – дейді «Казлегпром-Алматы» ЖШС директорының орынбасары Дана ҚАРАЖАНОВА.

Мысал үшін еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге (бүгінгі күні орташа жалақы) қызметкерді алайық. 33 жыл ішінде инвестициялық табысты есепке ала отырып, қызметкердің жалақысынан 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн.теңгені құрайды. Бұл орайд, жалақының өсуі ескерілмейді. Еңбек демалысына шыққан кезде қызметкердің зейнетақысы 140 мың теңгені құрайды, оның ішінде жинақтау -110 мың теңге, базалық - 30 мың теңге. Алайда, мұндай жағдайда жұмыс берушінің жарнасын енгізу есебінен қызметкердің зейнетақысы 50 мың теңгеге ұлғайып, 190 мың теңгені құрайды.

Азамат Әуезхан, Асет Құндақбаев, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров