Елімізде сапалы жол салуға қанша қаражат кетеді

elements.envato.com
elements.envato.com
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы айтып берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде республикалық маңызы бар автожолдардың 30 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның ресми өкілі айтты,  деп хабарлайды Almaty.tv.

100 пайыз сапалы жол дәрежесіне жеткізу үшін 4 жыл уақыт керек және жылына тұрақты 250 млрд теңге қаржы қажет екен. Көлік жүргізушілерінің тасжолға, әсіресе ақылы жолдарға қатысты айтар шағымы азаймай тұр. Қар жауып, боран болғанда тазаланбайды, ал жазда шұрық-тесіктен жүріп тұру мүмкін еместігін айтады.

Бүгінде республика бойынша 3221 шақырым болатын 17 ақылы учаске бар. Оның 2 мың шақырымы негізгі талапқа сай, ал қалғаны күрделі жөндеуді қажет етеді. Орташа тариф құны жеңіл көліктер бір шақырым үшін 1 теңге, ал ауыр жүк көліктеріне 30 теңге. Бағаны өзге мемлекеттермен салыстырған ұлттық компания өкілдері мұндай арзан тариф тек біздің елде ғана деп отыр. Ақылы жолдың бір шақырымы үшін Ресей мен Түркия – 7 теңге, Беларусь  20 теңге, ал Польша тіпті 100 теңге төлейді.

Көлік жүргізушілері әр шақырым мен уақыт үшін осынша қаржы төлесек те жол сапасы сын көтермейді деп наразы.  

Ал еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев оған себеп техниканың жетіспеушілігі дейді. Қазір 25 мың шақырым үшін 1800 ауыр машина жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бұл әлдеқайда аз екен. Оның үстіне жыл сайын жолдарды жөндеуге деп бөлінген қаржы көлемінің аз болуынан да мәселе туындайтын көрінеді. Биыл республикалық маңызы бар автожолдардың 3100 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілмек. Оның 200 шақырымы Алматы облысына тиесілі.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауа-райының қолайлығына байланысты наурыз айында жолдарда қауіп төндіретін шұңқырларды алдын-ала жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Аталған жұмыстарды атқару үшін 50-ге тарта техника, 100-ден астам жұмысшы тартады деп жоспарланған», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Шыңғысхан Мұратбекұлы.

Тасжолда апатты жағдайлардың алдын алу үшін енді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания жерүсті өткелдерін салуды қолға алмақ. Сондай-ақ жарық бағандары мен түнгі мезгілде шамға шағылысатын арнайы белгілерді де көбейтпек.  

Ұлағат Арғын, Ернат Болатбек «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров