Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты eGov.kz порталы уақытша істемейді. 29 ақпанда сағат 22:00-ден 1 наурыз түнгі 02:00-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізіледі. Ал қазақстандықтар қазірдің өзінде өзгеріс туралы хабарлама ала бастады. Онда жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу бойынша әмбебап нұсқаулықтар ұсынылған,деп хабарлайды Almaty.tv.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ескерту алмаған азаматтарға уайымдаудың қажеті жоғын айтады. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, смартфондарында автоматты жаңартуы жоқтарға бар болғаны құрылғының бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқасына өзгерту қажет.
Еске сала кетейік, елімізде 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуі белгіленеді. Жалпы оның тиімділігі неде? Бұл сауалға хронобиолог, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Сұлтан Төлеуханов жауап берді.
- Әрине, осы уақытқа көшсек, бұл уақыт бізге оң әсер етеді деп айтуға болады. Себебі десинхронологиялық жағдайдан шығып, синхрондыға көшеді.
Мұндай өзгерістердің азаматтардың денсаулығына әсері бар ма?
Ғылыми мәліметтерге қарайтын болсақ, ауруы бар адамдардың физиологиялық, биохимикалық көрсеткішінің барлығы өзгереді. Тәуліктік ырғақты алсақ, ол ғылыми тілмен айтқанда ультрадиандық жиілік болып кетеді. Оның өзінің теориясы бар. Біз табиғи уақытқа бағынып жүретін болсақ, мұндай өзгерістер болмайды.