2020 жылы 241 млрд теңге қазынада қалған
Республикалық бюджеттің қаражатын 5 министрлік толық игере алмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сөзінше, 2020 жылы 241 млрд теңге қазынада қалған. Игерілмеген ақшаның неғұрлым ірі сомалары Ішкі істер министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Төтенше жағдайлар, Әділет пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде екен.
«Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, төлем жөніндегі құжаттардың ұзақ келісуі, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар, сот талқылаулары үшін ақы төлеу», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Ал, салық түсімі 2,4 трлн теңгеге аз болған. Оған себеп пандемия, дейді. Одан бөлек, шетелдермен тауар айналымы да 14 пайызға төмендеп кеткен. Ал Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері керісінше 7,36 трлн теңгеге дейін, яғни 10,5 пайызға ұлғайғанын айтты.
«2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 трлн теңгеге дейін 10,5 пайызға ұлғайды. Олардың құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,3 трлн теңгеге дейін, яғни 3,2 пайызға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар - 2,3 трлн теңгеге дейін, 27,8 пайызға өсті», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев.