Осы жылдың қаңтар-сәуірінде Қазақстанда жалпы ішкі өнім 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға азайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Карантиннің салдарынан еліміздегі бірқатар салалардың даму көрсеткіші кеміген. Атап айтар болсақ, құрылыс жұмыстары мен көрсетілетін қызметтер едәуір төмендеген. Сауда, көлік салаларында да құлдырау бар. Ал керісінше, өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, байланыс қызметтері және ауыл шаруашылығы салаларында өсім бар. Сонымен қатар қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы 21 млрд долларды құрапты. Экспорт 4,2%-ға ұлғайса, бұл ретте импорт 7,1 млрд долларға дейін төмендеген.
«Салықтар бойынша жоспар 61 млрд теңгеге орындалмады. Оның негізгі сомалары қосылған құн және корпоративтік табыс салықтарының есебінен. Жоспардың орындалмауына сыртқы нарықтағы факторлар әсер етуде. Мәселен, тау-кен саласынан түсімдердің көлемі 17%-ға немесе 27 млрд теңгеге азайды... Қызмет көрсету салаларынан да түсімдер азайды. Ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы 24 млрд теңгеге орындалмады», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Ал қазына қаржысының игерілмеу сомасы 48 млрд теңгені құрапты. Ең көп сома Ұлттық экономика, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Қорғаныс, Әділет министрліктері секілді мемлекеттік органдарда игерілмеген. Бұдан бөлек, Үкімет отырысында азық-түлік тауарлары бағасының бір айдағы өсуі 1,9% болғаны айтылды. Сәуірде негізінен жемістер мен көкөністер бірден 5,6%-ға, қант - 6,2%-ға, жармалар - 3,4%-ға қымбаттаған. Үкімет басшысы қызмет көрсету секторын қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Қазіргі таңда карантин біртіндеп жеңілдетілуде. Жалпы, экономика салаларының қалпына келуі басталуы тиіс. Эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, қызметтер көрсету секторларының белсенділігі қалпына келуі қажет. Бұған мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етеді. Оның ішінде салықты ынталандыру, жеңілдіктік кредиттеу, Отандық тауарларды өткізуге кепілдік беру, механизм арқылы ішкі өндірісті қолдау», - деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.