Еліміздің үлкен қалаларында жыл басынан бері пәтерді жалға алу құны бірден 30 пайызға өссе, сатып алу бағасы 10-15 пайызға шарықтаған. Мамандар бұған студенттердің маусымдық сұранысы мен нарықтағы элиталық тұрғын үйлердің көптігі себеп дейді. Ал Алматыда оқитын білім алушылар мұндай жағдайда қалай күн көріп жатыр? Үй қымбатшылығының тағы қандай себептері бар? Бұл сұрақтарға Almaty.tv тілшісі жауап іздеп көрген еді.
Кез келген ғаламтор желісіне кірсеңіз, үй бағасының аспандап тұрғанын байқауға болады. Қаладағы қарапайым 1 бөлмелі пәтердің өзі мұнда 180 мың теңге мен 200 мың теңге шамасында бағаланады. Ал 2 бөлмелі үйді жалға алу 300 мың теңгеге жуықтайды. Арғы жағын айтпасақ та белгілі.
Уақытша тұруға үй таппай жүргендердің бірі – оралдық Сыйлар Ибайдулла. Қазір жоғары оқу орындарының бірінде 3-курста оқиды. Биыл пәтер бағасы шамадан тыс шарықтап кеткендіктен, тұратын үй таппай сандалып жүр. «Әзірге туыстарымды жағалай тұруға мәжбүрмін» дейді.
«Қазір жоқ дегенде, 130 мың теңгеге үй табасыз. Онда да қаланың шет жағында әрі пәтердің сапасы да сын көтермейді. Тұруға мүлдем ыңғайсыз. Жалақым мен шәкіртақымды қоса есептегенде барлық ақшам үй жалдауға кетеді», – деді студент Сыйлар Ибайдулла.
Ал қалалық риэлторлар қауымдастығының басшысы қазіргі баға қыркүйек айымен салыстарғанда біршама тұрақталғанын айтады. Алайда пәтер іздеуге арналған сайттарда мұның бірі де байқалмады.
«Осыдан 2 ай бұрын пәтер бағасы 20-30 пайызға қымбатса, қазіргі таңда қаладағы баға біршама тұрақталды. Үйдің шарықтау себептерінің бірі – айналымдағы ақшаның құнсыздануы және құрылыс материалдарының қымбаттауы. Себебі, қажетті жабдықтардың 50-60 пайызы шетелден келеді», – дейді қалалық риэлторлар қауымдастығының президенті Нұрлан Алыбаев.
Мамандардың айтуынша, кей үй иелері 100 мың теңгеге жалға беру туралы хабарландыру шығарса, 2 күннен соң баға 150 мың теңгеге дейін өскен кездер болды дейді. Яғни, пәтер иелері карантин уақытында жоғалтқан пайдасын жылдам қайтару үшін осындай шешімге келеді екен.
«Қымбатшылықтың екінші себебі, елдегі демографияның өсуі. Яғни халық саны күннен-күнге артып келе жатыр. Одан бөлек, жекеменшік жоғары оқу орындарының артуы да үй бағасының өсуіне әсер етеді. Мұндай білім ордаларында жатақхана болмағандықтан, пәтерге деген сұраныс жоғары болады», – деді экономист Мақсат Сералы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін бір бөлмелі пәтердің құны 60 пен 100 мың теңге аралығында болатын. Келмеске кеткен бағаның қашан тұрақталатыны нақты белгісіз.
Мерей Қанапиянов, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы