Жалақы мөлшері артқанымен, өнеркәсіп өндірісі 3,4 пайызға төмендеген
Ұлытау облысында орташа айлық 471 мың 300 теңгені құрайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі әлеуметтік көрсеткіштер туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңір басшысының айтуынша, облыстағы орташа айлық республикалық деңгейден 1,3 есеге көп. Жалақы мөлшері артқанымен, өнеркәсіп өндірісі 3,4 пайызға төмендеген. Бұл тамыз айында Жезқазған мыс балқыту зауытының кен-термиялық пешін күрделі жөндеуге жабылуымен байланысты.
– Бүгінгі таңда облыстық бюджет 144,5 млрд теңгені құрайды. Салық базасын кеңейту және республикалық бюджеттен трансферттерді тарту арқылы көрсеткіштер бастапқы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 28 пайыз өсті. Бұл ретте жыл басынан бері кіріс 36 млрд теңгеден 46,5 млрд теңгеге дейін ұлғайды, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, өңірдегі жолдың сапасы нашар. Соның салдарынан облысқа келетін тауар құны да қымбат. Осы жылы Жезқазған-Арқалы арасында 13 шақырымға ірі асфальтбетон төселсе, келесі жылдың соңына дейін тағы 37 шақырымын жөндеу жоспарланған.
– Қызылорда жағындағы жолды жөндеу жұмысы аяқталып жатыр. Ал биыл Жезқазған бөлігіндегі жолды жөндеу тоқтатылды, 90 миллиард теңге қаражат жетпейді. Үкімет қаржыны 145 миллиард теңгеге көбейтті. Соның 50 миллиард теңгесі бөлініп, қазір конкурс өтіп жатыр, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Оқи отырыңыз: Алматыда жеке инвестициялар 10,9%-ға өсті