Оған өткен жылғы өнім қорының аздығы мен сатып алу құнының шарықтап кетуі себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақталар емес. Бау-бақша пісетін уақыт келгеніне қарамастан, жеміс-жидек пен көкөністің құны қымбат дейді дүйім ел. Сөздерінше, ет, күріш пен сұйық майдың да бағасы қалтаға айтарлықтай салмақ салады.
«Қымбат екен деп диханның да бейнетін де жерге тастауға болмайды. Олардың бейнеті зор», – деді бір тұтынушы.
«Енді әркімнің қалтасына қарай ғой. Антимонополия комитеті реттеуі керек қой барлығын», – деді келесі бірі.
«Барлығы күрт қымбаттады. Әсіресе еттің бағасы күйіп тұр. Тіпті 40 пайызға өсті десек болатындай. Тамыз аяқталып барады, ал бағалар әлі түсер емес», – дейді тағы бір тұрғын.
Біз қаладағы 3 базарды аралап, бағаларды салыстырдық. Алматыда «Түрксіб» базарындағы азық-түлік бағасы орталықтағыларға қарағанда арзанырақ болып шықты.
Мәселен, онда сиыр еті 2050 теңге, ал Көкбазар мен Николь базарында 2700 теңге тұрады. Бағада айтарлықтай айырмашылық бар. Атап айтқанда, картоп, сәбіз, пияз, күріштің құны әр базарда әр түрлі . Жалпы жыл басынан бері Алматыда баға индексі 109 пайызға жеткен. Бұл әлеуметтік маңызы бар 14 түрлі тауардың қымбаттауынан болыпты.
Алматы базарларындағы азық-түлік бағалары
«Көк базар» «Түрксіб» базары «Николь» базары
Картоп 150 теңге 130 теңге 150 теңге
Сәбіз 200 теңге 120 теңге 200 теңге
Пияз 150 теңге 130 теңге 150 теңге
Алма 600 теңге 500 теңге 500 теңге
«Ақмаржан» күріші 340 теңге 320 теңге 360 теңге
Сиыр еті 2700 теңге 2050 теңге 2700 теңге
Сұйық май 500 теңге 400 теңге 500 теңге
«Бағаның өсуіне көктем-қыс кезеңіндегі маусымдық тұрақсыздық себеп болды. Бұл өткен жылдағы тауар өнімнің азаюы, яғни тауар қорының таусылуынан болатын жағдай. Оған қоса, ерте піскен өнімнің сатып алу құнының қымбаттауына байланысты. Және де басқа да тауар түрлеріне бағаның өскені байқалады», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш ӘБДІЖАББАРОВА.
Алматы әкімдігі биыл негізсіз баға көтерген 115 жағдайды дер кезінде тоқтатқан. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді дейді мамандар. Қаладағы 29 сауда нысанына тұрақты түрде мониторинг жасалады. Сондай-ақ, Алматыда құрылған тұрақтандыру қоры төмен бағаға кепілдік береді. Соңғы 2 жылда оның резерві шамамен 6 тонна тауармен толыққан. Олар дүкендерде нарықтағы бағадан арзап етіп сатылады. Осылайша, азық-түлік құнының шарықтап кетпей, тұрақты болуы қатаң бақылауда.
«2019 жылдың желтоқсан айының соңы мен 31 мамыр аралығында 36 супермаркетке 10 тоннадан астам өнім сатылды. Оның ішінде 4,5 тоннадан астам картоп, 2,5 тонна пияз, 2 тонна сәбіз және 1,2 тонна орамжапырақ бар. Сараптама нәтижесінде бұл жобаның тиімділігі дәлелденді. Себебі, бұл тауарлардың бағасы орташа бағадан 15-25 пайызға төмен болды», – деді Almaty Finance компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Азизжан ТҰРҒАНОВ.
Қазір тұрақтандыру қорында 2,5 тонна өнім бар. Қоймада 700 литр сұйық май, 1,5 мың тонна қант, 348 тонна қарақұмық жармасы сақталып тұр. Маусымдық тұрақсыздық кезінде халыққа азық-түлік төмендетілген бағамен сатылады.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы