Жыл басынан бері оған 300-ден астам кәсіпкерлік нысан ауысты
Арнайы салық режимі ұзартылады. Енді кәсіпкерлер миллиардтаған ақшаны үнемдей алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықовтың айтуынша, заң жобасында қоғамдық тамақтану саласы үшін бөлшек салық режимін 2023 жылдан 2025 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Бірақ оның мөлшерлемесі 3-тен 6 пайызға дейін көтеріледі.
«Неге десеңіз, салықтың дәл осы түрі, әсіресе қаржы айналымы 30 000 АЕК-тен, яғни 87 миллион теңгеден асатын кәсіпорындар үшін тиімді болады. Осылайша, бөлшек салық режимін таңдайтындар қосарланған құн салығын да, әлеуметтік салықты да төлемейді. Осының арқасында біраз ақшасын үнемдейді», – деді ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов.
Одан бөлек, бөлшек салықты есептеу жүйесі жеңіл әрі ыңғайлы болмақ. Қазіргі болжамға сәйкес, 2025 жылға дейін осы режимнің арқасында кәсіпкерлер 18 миллиард теңге үнемдейді екен.
Айта кетейік, бөлшек салық режимі биыл екі жылға енгізілген болатын. Жыл басынан бері оған 300-ден астам кәсіпкерлік нысан ауысты. Алдағы уақытта түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 2 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.