Сенатор шетелге мал сатуға нарызылық білдірді

Сенатор шетелге мал сатуға нарызылық білдірді
Биылғы жылдың тек тоғыз айында шетелге 333 мыңнан астам мал шығарылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда шетелге мал экспорттау бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев шетелге мал сатуға наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халық қалаулысының сөзінше, көрші мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан мемлекетаралық сауда-саттық қарым-қатынастың оңтайлығын пайдаланып, қазақстандықтардан ірі қара мен ұсақ малдарды жаппай сатып алу саясатын жүргізіп жатыр. Анықталғаны, 2018 жылы елімізден 88 мыңға жуық мал экспортталған. Ал биылғы жылдың тек тоғыз айында 333 мыңнан астам мал шығарылыпты. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп.

«Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге өскен. Сыртқа сатылған мал басының 80 пайызын Өзбекстан азаматтары сатып алған. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли БЕКТАЕВ.

Депутат шетке сатылған малдың 50 пайызға жуығы репродуктивті аналық бастар екенін жеткізді. Демек, Қазақстанның малдарын тек етке емес, өз малдарының сапасын жақсартып, мал басын көбейту үшін де сатып алып жатқанын алға тартты. Ал бұл жағдай Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Сол себепті Үкімет тарапынан мал экспортына қатысты ауқымды және ұтымды шаралар қабылдануы қажет, деді сенатор.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетке шығаратын малдардың аналық бастарын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деп ойлаймыз. Сондықтан ветеринарлық қызметтен бөлек, кеден және кіріс, тағы да басқа құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін Үкіметтің арнайы нормативтік құжаты қабылдануы керек. Бұл жерде нарық талабына сай өзге де механизмдерді пайдаланған тиімді болмақ. Әсіресе жергілікті жерлерде малдарды сойып, етін қайта өңдейтін өндірісті жаппай дамыту маңызды. Шетелге тірі мал емес, ет және ет өнімдерін сату әлдеқайда тиімді болмақ», – деді  ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли БЕКТАЕВ.

Новости партнеров