Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан энергетикалық форумда айтылды
Әлемдік инвесторлар еліміздегі энергетика саласына инвестиция бөлуге құлықты. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан энергетикалық форумда айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы мен даму бағдарламасының өкілдері Орталық Азия елдерінде энергетика алмасуды жеделдету туралы мәселені көтерді. Жиынға 18 елден 150-ге жуық маман келді. Қатысушылар өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, техникалық әлеуетті қолдауды қамтамасыз етуге ниетті.
Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне инновацияны енгізуге, өздерінің өңірлік инфрақұрылымын жаңғыртып, нөлдік көрсеткіштерді қамтамасыз ететін тұрақты энергетикалық жүйелерді құруға көмектесуге әзір.
«Бүгінде энергетикалық қауіпсіздік – ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан бүгінгі форумның басты мақсаттарының бірі – тұрақты энергожүйе қалыптастырып, бастамаларға қолдау білдіру. Жақында Женевада өткен конференцияда Орталық Азияда минералды ресурстарды басқаруға қатысты орталық ашу жайлы ұсыныс айтылған. Ол орталық қорды бақылап, өндірістік жаңа технологиялар әзірлеуге жауап береді», – деді Қазақстан-Британ техникалық университетінің ректоры Маратбек Ғабдуллин.
«Инвесторлар Орталық Азия елдеріне үлкен қызығуышылық танытады. Оған басты себеп – энергетика саласында маңызды саналатын шикізаттың көптігі. Мәселен,кобальт, магнезий, литий. Сондай-ақ жасыл энергетикаға да көбірек көңіл бөлінеді. Және Қазақстанның географиялық орналасуы да үлкен нарықтарға шығуға мүмкіндік ашады», – деді БҰҰ ЕЭК тұрақты энергия бөлімінің басшысы Дарио Лигути.