Қорғаныс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен қатар, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыруда бірқатар өзгеріс енгізуді қарастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Біріншісі, еңбек өтілі және жалпы еңбек сіңірген 25 жылдық мерзімі бар әскери қызметшілерді келісімшарттың аяқталуы бойынша зейнеткерлікке шығару, яғни зейнетақы құқығын беру. Екінші мәселе, 2016 жылдан бастап зейнетке шыққан зейнеткерлерге базалық зейнетақы төлемдерін қайтару. Үшінші мәселе, біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке жинақтарын біржолғы қолдану. Төртінші, 1998 жылдан кейін алғаш рет қызметке кіріп, 2016 жылға дейін зейнетке шыққан әскери қызметшілердің зейнетақы төлемін қайта қарау. Демек, қызметтен босатылу күнінен бастап жыл сайынғы арттыруды ескере отырып, зейнетақы мөлшерлерін қайта есептеу», – деді Қорғаныс министрлігінің кезекті онлайн-брифингінде Зейнетақымен қамтамасыз ету орталығы қызметінің бастығы Марал Басыбекова.
Спикер әскери қызметшілер мен күш құрылымдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруды дамытудың негізгі кезеңдеріне тоқталып өтті.
«Тарихи тұрғыда әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру реформасы 1998 жылы басталған болатын. Осы ретте әскери қызметшілерді үш санатқа бөлуге болады. Бірінші санаттағы әскери қызметшілердің 1998 жығы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары 10 жылдан астам болған. Екінші санаттағы әскери қызметшілердің еңбек сіңірген жылдары 1998 жылғы 1 қаңтар бойынша 10 жылдан кем болған және үшінші санаттағы әскери қызметшілер 1998 жылдан бастап алғаш рет әскери қызметке шақырылған. Үшінші санаттағы әскери қызметшілер тек өздерінің біріңғай жинақтаушы зейнетақы шоттарындағы жинақтарын ала алды. 2015 жылы әскери қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін жақсарту, яғни реформа жүргізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру тұжырымдамасына сәйкес, әскери қызметшілер толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға көшірілді», – деді ол.