Шараға Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Али Рыза Акынжы да қатысты
Алматыда Қазақстан мен Түркия мемлекеті арасында сауда делегациясының B2B кездесуі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесудің мақсаты – екі ел арасындағы сауда-саттық ынтымақтастығын нығайту. Шараға Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының төрағасы, Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы және басқа делегаттар қатысты.
Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тайынбетовтың айтуынша, осындай кездесулер еліміздің макроэкономикалық жағдайын жақсартады.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – екі елдің ынтымақтастығын арттыру. Сонымен қатар Түркия мен Қазақстан мемлекетінің кәсіпкерлер арасын жақсарту. Негізі Қазақстан мен Түркия мемлекетінің басшылары кездесіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты 10 млрд-қа дейін ұлғайту жөнінде келіссөз жүргізілген болатын. Алдыңғы жылдың өзінде сауда-саттық 6 млрд-тан асқан еді. Енді 15 жылдың көлемінде Түркия мемлекеті 4 млрд-тан астам инвестиция, ал Қазақстан 1 млрд-тан аса инвестиция алды. Осындай шаралардың арқасында B2B яғни, кәсіпкерлердің кездесуінің арқасында нарықтық экономика дами түседі. Сонымен қатар осындай шаралар сауда-саттықтың ұлғаюына алып келеді. Ал оның ұлғайғаны макроэкономикалық жағдайды, әлеуметтік жағдайды, халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы сауда саттықтың арқасында ішкі өнімді де жақсартамыз», – деді Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тайынбетов.
Сонымен қатар форум барысында Қазақстанда өндіріс ашып, осы елде экспорт жасау тиімді екені делегаттарға түсіндірілді.
«Бүгінгі форум – Қазақстан мен Түркияның арасындағы халықаралық өзара саудаға арналып отыр. Бүгін келген делегаттар алдағы ынтымақтастықты талқылайды. Мен бүгін Қазақстандағы экспорттың болашағы, Қазақстанда өндіріс ашып, осы жерден экспорттау қаншалықты тиімді екенін айтамын. Сондай-ақ Қазақстанға инвестиция салудың перспективасын да ашып айтатын боламын», – дейді Экспорт академиясының негізін салушы және Қазақстан экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Гүлмира Юсупова.
Оқи отырыңыз: Еліміздегі кәсіпкерлер базарларды жаңғыртудың мерзімін ұзартуды сұрады