2025 жылдың соңына дейін елімізде 103 базар модернизациялануы керек. Ал биылғы жоспар бойынша 38 сауда нүктесі қайта жаңғырады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал саудагерлер модернизацияға берілген уақытпен келіспейді.
Алматыда 54 базар бар. Оның ішінде 27-і модернизацияланбаған. Жыл соңына дейін 15 сауда орны жаңарып, қолданысқа беріледі. Бұған дейін Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев базарларды жаңғыртудың нәтижесінде сауда жағдайы жақсарып қана қоймай, антисанитария мен стихиялық сауданы тоқтатуға болатынын айтқан еді.
«Модернизациялау ең алдымен, тұтынушы мен саудагерлерге тиімді болады. Жағдай жасалады. Атап өтетін болсам, кассалық аппараттардың жұмысы, жалға алу келісімінің тұрақтылығы, одан бөлек, көлік тұрағы мәселесі де шешіледі», – деді ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.
Алайда саудагерлердің көңілінен шықпаған бір мәселе бар. Үкімет сағатында вице-министр Астана, Алматы, Шымкент шаһарының барлық базары осы жылдың соңына дейін толық модернизациялануы керек деді. Ал оған үлгермеген сауда нүктелері жұмысын тоқтататынын айтты.
«Алматыда «Жол картасы» жобасына енген 15 базар бар. Бәрі рет-ретімен модернизацияланып келеді. Мысалы, «Байсат» және «Кенжехан» базарларындағы жұмыс осы жылы аяқталады деп отырмыз. Бірақ бізге берілген уақытқа үлгермейтін сауда орындары да бар. Сондықтан жұмысты толық аяқтау үшін тағы уақыт сұрағымыз келеді», – дейді Алматы базарлары қауымдастығының төрағасы Елена Мотькина.
Сонымен қатар вице-министр базар төңірегіндегі мәселелердің бірқатары шешілгенін айтты. Заң жобасы аясында президенттің жекелеген тапсырмасымен көтерме сауда аймағын бөлшек сауда аймағынан бөлу, қосымша шығынды алып тастау және сауда орындарын жалға берудің нақты механизмі туралы ереженің болуын көздейтін өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
Гүлмарал Изатқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы