Қазақстанда қант тапшылығы жоқ – Ауыл шаруашылығы вице-министрі

Яндекс.Дзен
Яндекс.Дзен
Жауапты маман отандық зауыттар елімізде қантты толықтай қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қант тапшылығы жоқ». Осылай деген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай халықты дүрбелең салынбауға шақырды. Ол соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде кейбір азық-түлік тауарларының, соның ішінде қанттың тапшылығы туралы түрлі ақпарат тарағанын атап өтті. «Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқтатылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылады» деп сендіреді. Ол осы орайда дүрбелең сұраныстың артуына және базарда алыпсатарлық фактісінің туындауына алып келетінін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай Қазақстанда 1,3 миллион тонна әлеуметтік маңызы бар тауар барын айтты. Дүрбелең туғызбауды өтінген жауапты маман отандық зауыттар елімізде қантты толықтай қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді.

«Бүгінгі таңда республика бойынша қант қоры – 90 мың тонна. Сауда нысандарында, қорлар мен қойма, азық-түлік корпорацияларында 42 мың тонна бар. Қант зауыттарында 47 мың тоннадай бар. Елде ай сайын 44 мың тонна қант тұтынылатынын ескерсек, зауыттар 50 мың тонна өндіре алады. Демек, кәсіпорындар республиканың қантқа сұранысын толықтай қамтамасыз етіп отыр», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша азық-түлік қоры қажет болғанына қарай күнделікті толықтырылып отырылады. Сондай-ақ елде ақ қант пен құрғақ қантты 250 мың тонна көлемінде бажсыз әкелуге құқық берілгені айтылды.  

Ал елордадағы дүкен сатушысы Сәбит Буданбаев қант бағасы өспегенін айтады. Бірақ соңғы уақытта оған деген сұраныс артқанын жасырмады.

«Бізде қант бағасы мүлде қымбаттаған жоқ. Бұрынғы бағамен тұр. Халыққа жеткізіп жатырмыз. Сұраныс көбейіп жатыр. Бұрын 1 кг алатындар қазір 3 кг-нан алып жатыр», - деді азық-түлік дүкенінің сатушысы Сәбит Буданбаев.

Соңғы бір апта ішінде Қазақстанның көптеген қаласында қант ең көп сұранысқа ие өнімге айналды. Халық жаппай сатып ала бастады. Алайда елордада қант тапшылығы мәселесі мүлде байқалмайды.

Сонымен бірге Жеңіс Өсербай республикада жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат, ет және сүт өнімдерін өндіру үшін мал басы жеткілікті екенін атап өтті.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров