Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы 20% қымбаттаған. Ал қант, нан мен жылқы еті енді шет мемлекетке шығарылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көктемде ғана қант жетіспеушілігі қатты байқалған еді. Оның салдарынан отандық өндірістегі бірқатар тәтті тауардың қатары азайды.
Дүкен сөрелеріндегі тұрмыстық-химиялық тауарлардың 100 пайызы бізге шет мемлекеттерден келеді. Соңғы бірнеше айда әсіресе, шашқа арналған бояу мен бет күтіміне арналған тауарлар, гигиеналық құралдар және парфюмерияның азайғаны байқалады. Оған әуелгі себеп – Ресейге қарсы енгізілген санкция. Көршілес елден тұрмыстық тауарының 40 пайызы келетін Қазақстан үшін бұл фактор да маңызды. Ал азық-түліктен ірімшік, макарон мен кондитерлік-консервілік өнімдердің қатары кеміген.
Импорттық тауардың азаюы – отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік болып отыр. Мәселен, елде алдағы 2 жылдың ішінде қант пен сүт өндіру қарқын алады. Балық шаруашылығы да назарға іліккен. Жалпы, бұл мақсатта 113 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал күні кеше Жетісу облысына барған Президент отандық өнімді арттыруға күш салу керегін айтқан еді. Қазір мұнда жоспарға сәйкес, сүт фермасы салынып жатыр.
Отандық өндірісті дамыту Жетісу облысындағы қымбатшылық мәселесін шешуге сеп болмақ. Мысалы, мұнда қазірдің өзінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 21,6 пайыз өскен. Алматыдағы көрсеткіш – 21,7. Жылдық динамикада тауар құны қымбат аумақтың көш басында Жезқазған, Қарағанды, мен Шымкент тұр.
Біз ғана емес, әлем елдерінде де баға бақылаудан шықты. Халықаралық валюта қоры жаһандағы азық-түлік құны әлі де 14,2 пайыз өседі деп болжады. Ұлыбританияда қазірдің өзі инфляция соңғы 40 жылдағы рекордтық деңгейге жеткен. Қазір Еуропа қалаларында қалта көтере алмаған құнға қарсылық жүріп жатыр. Мәселен, азаматтар Чехияда азық-түлікті, ал Финляндияда электр энергиясын үнемдеуге мәжбүр.
Ал Германияда валюта құнсызданып жатыр. Мұндағы инфляция да рекордтық дәрежеде. Экономикалық құлдыраудың салдарынан немістің жергілікті ауруханалары жабылуы мүмкін. Жалпы айтсақ, жаһандағы экономикалық әлсіреуге Украина – Ресей қақтығысынан бөлек, энергетикалық дағдарыс та қатты әсер етіп жатыр.