Қазақстан мен Литва қаржылық технология саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ

Қазақстан мен Литва  қаржылық технология саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ
Алматыда өткен экономикалық форумда белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Литва  қаржылық технология саласында бірқатар жобаларды жүзеге асырмақ.  Бұл туралы Алматыда өткен экономикалық форумда белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. 

Шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанмен серіктес болудың тиімді екенін алға тартады. Сонымен, өзге мемлекеттің бизнесмендерін бізбен жұмыла жұмыс істеуге не түрткі болды?

Келелі кездесуге Литвадан 40-тан астам адам келген. 6 мэр және олардың орынбасарлары, сонымен қатар, кәсіпкерлер де бар. Көбісі қалада архитектура және инженер саласында жұмыс істеп жатыр. Шетелдік делегация мен отандық кәсіпкерлер арасында дизайннан бастап, құрылыс, IT, смарт технология салалары бойынша талқылау өтті. Литваның Қазақстандағы елшісі Гинтаутас Васюлис мұндай бас қосудан екі ел де ұтылмайтынын айтады.

«Өткен жылы біз Литваның орталық банкі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасында келісімге келген болатынбыз. Біраз уақыт бұрын Вильнюсте халықаралық қаржы орталығының делегациясын қабылдадық. Бұл біз үшін Қазақстанмен қаржылық технология саласында біріге жұмыс істеуге септігін тигізді», – деді Литваның қазақстандағы елшісі Гинтаутас ВАСЮЛИС

Осы күні Алматыда архитектура, дизайн және инженеринг саласында 150-ден астам кәсіпорын бар. Олардың кейбірі ортақ болса, бірнешеуі литвалық компаниялар. Форумға қатысушылардың сөзінше, серіктестікті басқа да салалар бойынша дамыту көзделіп отыр.

«Іс шараның аясында басқа да салаларды талқыладық. Ол – смарт технологиялар. Ол жақта IT саласы өте дамыған. Форумда инфрақұрылым және өндіріс саласында қызығушылық танытқандар болды.  Осы саладағы  жобаларды талқыладық. Индустриялды аймақ, арнайы экономикалық аймақ бойынша  жаңа жобалардың презентациясын жасадық», – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ

Еске салайын, былтыр Алматы мен Литва арасындағы тауар айналымы 40 миллион долларды құраған. Форумда Литва сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдері Еуро Одақ талаптарына сәйкес жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді шығару тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді. Делегация өкілдері алматылық бизнесмендерді өз елінің логистикалық және экспорттық әлеуетін пайдалануға шақырды.  

Өмір Әнуарбек, Дина Жанабекова, Ялқұнжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров