ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов «Қазақстанның жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 бензині неге арзандамайды?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Керісінше, біз АИ-92 маркалы бензин бағасының тұрақтылығын ұстап тұрмыз. Қазіргі міндет – сол бағаны сақтап қалу. АИ-92 бағасы 182 теңгеден бастап, кейбір өңірлер 187 теңгеге белгілеуге мәжбүр болды. Себебін түсіндірейін. Мысалы, ШҚО, бұл өңір мұнай өңдеу зауыттарынан шалғай орналасқан. Яғни бензинді жеткізу тек автовоздармен жүзеге асырылады. Теміржол қатынасы жоқ. Сондықтан жекелеген өңірлерде АИ-92 бензині бағасын 187 теңгеге дейін көтеруге келістік», - деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, бүгінде аталған бензин маркасының бағасын төмендету міндеті тұрған жоқ.
«Ендігі мәселе – осы бағаны сақтап қалу. Бізде кейбір елдермен салыстырғанда баға айырмашылығы 100 теңге және одан жоғарылағанын ескерсек, оның үстіне бағаны төмендететін болсақ, онда дизель отыны бойынша тапшылық туындайды. Сондықтан баға өсіп жатқанда оны төмендету белгілі бір тәуекелке әкелуі мүмкін», - дейді ол.
Бұған дейін Энергетика министрі «тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы туралы айтып берген еді.