Алматылық кәсіпкерлерді әкімшілік кедергілерден босатып, бизнесмендердің қатарын көбейтуге күш салынады. Бұл үшін «Алматы бизнес 2025» кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай аймақтық бағдарламасы жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пилоттық жоба аясында әкімшілік кедергілер азайып, бизнесті қаржыландыру арта түспек. Бұл ретте іскерлерге ең төменгі пайызбен несие беру көзделуде. Сондай-ақ, өнеркәсіп, қызмет және сауда инфрақұрылымын дамытуға, инвестициялық жобаларды жан-жақты қолдауға көңіл бөлінеді. «Алматы бизнес-2025» жобасы арқылы өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарды және бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерді жаппай оқыту басталады. Курстарға осы жылы шамамен 75 мың адам жіберіледі деп жоспарланған. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тың бағдарламаны биылдан қалдырмай жүзеге асыруды бастайтынын жеткізді. Әрі салықтың басты доноры болып отырған алматылық кәсіпкерлерге қашанда қолдау көрсетілетінін айтты.
«Біз IT-саласын қолдауды жалғастырамыз. Медицина, білім беру, әлеуметтік экономика, туризмді одан әрі дамытуымыз керек. Осыған байланысты біз бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлікті «Қолдау» орталығын құрдық. Мұндай филиалдар қаланың 6 ауданында жұмыс істеуде», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бүгінде Алматыда 224 мың адам кәсіпкер ретінде тіркелген болса, оның 184 мыңы жемісті жұмыс істеуде. Бүгінгі жиында сол іскерлер Алматының бизнес ахуалын жақсарту мен өздерін толғантқан мәселелерді де көтерді. Сондай-ақ, кешегі Президенттің жолдауында көтерілген шағын бизнесті табыс салығынан 3 жылға дейін босатуды қызу талқылады. Кәсіпкерлер бұл бастаманы қос қолдап қолдайтындарын жеткізді. Айтуларынша, олардың бизнесін беталды тексеруге мораторий енгізу, әрі салықтық ажырғыдан ажырату кәсіптің жандануына түрткі болмақ.
«Кәсіпкерлерді біз салықтан босатсақ, олар ақшаны қайда жұмсайды? Мен жалпы өзім кәсіпкермін, менде тағы қосымша ақша пайда болса, мен оларды жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсаймын. Адамдарды жұмысқа аламын. Бәрібір кәсіптің мәселесі сол ғой. Кәсіпкерлер оған қуанып отыр», – деді кәсіпкер Қазыбек ШАЙХ.
«Мен – көпбалалы анамын, кіші бизнесім бар. Кешегі біздің Президенттің айтқаны, «кіші бизнесті 3 жылға салықтан босатамыз» дегені бізді қатты қуантты. Өйткені сол сигментте өте көп көпбалалы аналар бар, оларға жақсы қолдау болады деп ойлаймын», – деді кәсіпкер ана Ақмарал БАСИРОВА.
«2015 пе, әлде 2014 жылы ма, бір мараторий болды. Сол мараторийдің кезінде біздің кәсіпкерлердің саны көбейді. Бізде жастар болсын, зейнеткерлер болсын неге кәсіппен айналыспайды? Қорқады. «Салықты қалай төлеймін, бухгалтерия қалай жүргіземін?» деп қорқады. Сол қорқынышты алып тастау үшін осындай мараотрийлер көп болу керек», – дейді кәсіпкер Бекнұр ҚИСЫҚОВ.